Еуропа тұрғындары қартайып барады

13 Қазан 2023, 14:07
636
Бөлісу:
Еуропа тұрғындары қартайып барады

«Кәрі құрлықта» келер жылдан бастап 65-ті алқымдаған қарттар саны әлі жасы 15-ке толмаған жеткіншектерден асады деген болжам бар, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Бірақ қариямыз көбейді деп қуанып жүргендер шамалы. Өйткені еңбекке жарамды адам аз. Ал зейнеткер көп. Бұл, әрине, экономикалық жағынан тиімсіз. Мамандардың «Еуропа тез қартайып жатыр» деп дабыл қаққалы қашан.

Бірақ кейінгі кезде бұл дағдарыс тіптен ушыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі отқа май құя түсті. Бірлестік өкілдерінің пайымдауынша, келер жылы жасы 65-ті алқымдаған қарттар саны әлі 15-ке толмаған жеткіншектерден асады. Қазірдің өзінде егде тұрғындардың үлесі еңбекке жарамды адам санына шаққанда 33%-ті жуықтайды. Тіпті 70 жылдан кейін бұл арасалмақ 60%-ке өсуі мүмкін. 

Халықтың қартаюы – бүкіл Еуропа үшін өзекті жайт. Десе де бұл мәселе әсіресе оңтүстік аймақта, атап айтқанда, Италия, Португалия мен Испанияда қатты байқалады. Мысалы, бір ғана Испанияны алсақ, ондағы тұрғындардың жартысынан астамының жасы 45-тен асады, - деді  демографиялық зерттеулер орталығының директоры Альберт Эстев.

Себеп көп. Қарияларға Еуропадағы өмір сүру жағып жатыр. Бірақ экономика үшін ол тиімсіз. Қыруар қаржы зейнетақыға кетеді. Көп елде жұмыс күші әлден тапшы. Тағы бір түйткіл, жастар отбасы құрып, балалы болуға асықпайды. Ойында тек мансабы. Баланы бағып-қағуға көп ақша кетеді деген түсінік кең тараған. Коронавирустан кейін біразының тұрмысы нашарлаған. Жаһанды жайлаған қымбатшылық еңсе көтертпей тұр. 

Демографиялық дағдарыстың салдарын тартып отырған ел көп. Испанияда бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен. Италияда да осы жағдай. Грекия халқы да тез қартайып барады. Хорватияның білімді жастары өзге елдерге кетіп жатыр, - дейді  Еурокомиссия төрағасының демократия мен демография мәселелері бойынша орынбасары Дубравка Шуйца.

Өзгелердің жаңалығы