Еуропалық одақ өзінің IRIS² қорғалған спутниктік байланыс жүйесін өрістетуді 2029 жылдан бастауды жоспарлап отыр. Жобаға көбінесе Starlink-тің еуропалық баламасы деген теңеу айтылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жүйені іске қосуды жеделдету қажеттілігі туралы 12 қазанда Варшавадағы қауіпсіздік форумына қатысқан Еуропалық қорғаныс және ғарыш жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс мәлімдеді.
IRIS² еуропалық тәуелсіз спутниктік байланыс жүйесі ретінде құрылуда. Ол мемлекеттік құрылымдарға, бизнеске және азаматтарға қорғалған байланыс, сондай-ақ шалғай аудандарға жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етуі тиіс.
Жоба спутниктердің көп орбиталық топтамасын қарастырады. Бастапқыда төмен және орташа Жер төңірегіндегі орбиталарда орналасатын шамамен 290 аппарат туралы сөз болған. Жүйені толыққанды пайдалануға беру шамамен 2030 жылға жоспарланған.
Бұл ретте Eutelsat бағдарлама аясында жаңа буынның алғашқы спутниктері 2029 жылдан бастап ұшырыла бастайтынын хабарлады. Компания IRIS² жүйесінің төменгі орбиталық сегментіне жауап береді.
Жобаның жалпы құны бұған дейін шамамен 10,6 млрд еуроға бағаланған болатын. Оны құрамына Eutelsat, SES және Hispasat кіретін SpaceRISE консорциумы жүзеге асыруда. Қаржыландырудың едәуір бөлігін Еуропалық одақ, ЕО елдері және Еуропалық ғарыш агенттігі қамтамасыз етеді, қалған бөлігін жобаның жеке қатысушылары бөледі.
Бастапқыда Eutelsat шамамен 2 млрд еуро инвестициялауды жоспарлаған еді. Алайда 2026 жылы жоба кеңейтілгеннен кейін компания IRIS² жалпы инфрақұрылымына 2,23 млрд еуро және жүйенің коммерциялық бөлігіне тағы 1,16 млрд еуро инвестиция салатынын хабарлады.
IRIS² жүйесінің басты міндеті – сыртқы байланыс жүйелеріне тәуелділікті азайтып, Еуропаны өзіндік орнықты әрі қорғалған спутниктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.