Еуропалық одақ Facebook, Twitter, YouTube, TikTok, Instagram және тағы басқа осы сияқты 19 онлайн-платформаның қызметіне 25 тамыздан бастап күшейтілген бақылау енгізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еурокомиссияның сайтында барлық тізім жарияланды. Оған Alibaba, Aliexpress, Amazon Store, Apple AppStore, Booking.com, Google Play, Google Maps, Google Shopping, LinkedIn, Pinterest, Snapchat, Wikipedia, Zalando сияқты танымал платформалар, сонымен қатар Bing және Google Search іздеу жүйелері енген.
Бүгін Комиссия ай сайын кемінде 45 миллион адам пайдаланатын өте ірі 17 онлайн платформаны және екі ірі іздеу жүйесін тізімге енгізу туралы алғашқы шешімді қабылдады, – деп жазылған құжатта.
Бұл платформалар тізімге енгізілгеннен кейін компаниялар төрт ай ішінде өз саясатын қайта қарап, онлайн-пайдаланушылардың дербес деректерін қорғауға, зиянды контент пен жалған ақпаратты шектеуге және платформаларды пайдаланудың нақты шарттарын белгілеуге бағытталған жаңа заңнамаға сәйкес «өз жүйелерін бейімдеуі» тиіс.