Еуропалық одақ кеңесі (ЕО) Украинаға жасалған шабуылдарға байланысты Ресейге қатысты шектеу шараларын тағы 6 айға ұзартты, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu-ға сілтеме жасап.
Кеңестің мәлімдемесіне сәйкес, Ресейдің Украинаға қарсы жалғасып жатқан әрекеттеріне қатысы бар деп көрсетілген шамамен 2 600 адам мен ұйым 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін санкциялар тізімінде қалады.
Санкцияларды қайта қарау кезінде Кеңес екі адамды және өмірден өткен бес тұлғаны тізімнен алып тастау жөнінде шешім қабылдады.
Ресейге қарсы ЕО санкциялары
Еуроодақ Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды бұл ел 2014 жылғы 18 наурызда Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь қаласын заңсыз аннексиялағаннан кейін енгізе бастаған.
2022 жылғы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға қарсы шабуылы басталғаннан кейін санкциялар айтарлықтай кеңейтілді.
ЕО-ның Ресейге қатысты экономикалық санкцияларының мерзімі әр алты ай сайын ұзартылып отырады.
Санкциялар қатарында сапарларға тыйым салу, активтерді бұғаттау, сондай-ақ қаржылық немесе экономикалық ресурстар ұсынуға шектеу қою сияқты шаралар бар.