Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Күн тәртібінде қауіпсіздік және қорғаныс, энергетика, көлік және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Украинадағы жағдай мен Таяу Шығыстағы дағдарыстың салдары қарастырылып отыр.
Саммит аясында Арменияның Еуропалық одаққа ықтимал қосылуы және армян азаматтары үшін Шенген аймағына кіру рәсімдерін жеңілдету мәселелері де талқылануы мүмкін.
Өз сөзінде Урсула фон дер Ляйен Еуропа Арменияға жаһандық саудадағы аймақтық хабқа айналуға көмектесуге дайын екенін айтты. Оның айтуынша, бұл физикалық инфрақұрылымды дамытуды да қамтиды.
Біз жергілікті энергия өндірісіне және Қара теңіз арқылы энергия ресурстарын жеткізуге инвестиция салуға дайынбыз. Сондай-ақ сіздердің қарқынды дамып келе жатқан цифрлық салаңызды еуропалық цифрлық нарықпен байланыстырып, Арменияның осы өңірдің орталығындағы орнын өсім драйверіне айналдыруға көмектесеміз, – деді ол.
Кездесу Еуропалық саяси қауымдастық саммитінен кейін өтіп жатыр. Аталған жиынға Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Украина президенті Владимир Зеленскийді қоса алғанда, шамамен 30-ға жуық еуропалық көшбасшы қатысқан.