Мехикода Еуропалық одақ пен Мексика арасындағы сегізінші саммит өтті.
Бұл – соңғы 11 жылдағы екі тараптың жоғары деңгейдегі алғашқы кездесуі. Саммитке Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта, Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен және Мексика президенті Клаудия Шейнбаум қатысты.
Кездесудің басты қорытындысы ретінде екі құжатқа қол қойылды. Олар – саясат, экономика және ынтымақтастық салаларындағы стратегиялық серіктестік туралы жаңартылған жаһандық келісім – Modernised Global Agreement (MGA) және сауда жөніндегі аралық келісім – Interim Agreement on Trade (ITA).
Бұл келісімдер 2000 жылы жасалған уағдаластықтарды жаңартып, екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған. Соның аясында сауда-экономикалық ынтымақтастық едәуір кеңейеді деп күтіліп отыр. Атап айтқанда, тарифтердің басым бөлігі жойылып, тарифтік емес кедергілер қысқарады, мемлекеттік сатып алу мен қызмет көрсету нарықтары ашылады, сондай-ақ зияткерлік меншік пен географиялық атауларды қорғау күшейтіледі.
Eurostat дерегіне сәйкес, 2025 жылы Еуроодақ пен Мексика арасындағы тауар айналымы 86 миллиард еуродан асқан. Мексика – Латын Америкасындағы Еуроодақтың үшінші ірі сауда серіктесі.
Саммит барысында тараптар климаттың өзгеруімен күрес және тұрақты даму, қауіпсіздікті күшейту мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, көші-қон, цифрландыру мен инновациялар, геосаяси сын-қатерлер және жеткізу тізбектерін әртараптандыру мәселелерін де талқылады.
Көшбасшылар халықаралық ахуал өзгеріп жатқан кезеңде стратегиялық серіктестікті нығайтудың маңызын атап өтті. Қол қойылған келісімдер көпполярлы әлемді дамыту мен Еуропа және Латын Америкасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды күшейту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.