Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта Гренландия төңірегіндегі жағдайға байланысты бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аумақтық тұтастық пен егемендік – халықаралық құқықтың іргелі қағидаттары. Бұл қағидаттар Еуропа үшін де, халықаралық қауымдастық үшін де аса маңызды, — делінген Еурокомиссияның мәлімдемесінде.
Еуроодақ көшбасшылары Арктикадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты ортақ трансатлантикалық мүдде бар екенін, оның ішінде НАТО аясындағы ынтымақтастықты да бірнеше рет атап өткенін жеткізді. Данияның одақтастарымен бірлесіп өткізіп жатқан алдын ала келісілген әскери жаттығулары Арктикадағы қауіпсіздікті нығайту қажеттілігінен туындаған және ешкімге қауіп төндірмейді.
ЕО Даниямен және Гренландия халқымен толықтай ынтымақтастықта. Диалог әлі де маңызды, және біз өткен аптада Дания Корольдігі мен АҚШ арасында басталған үдерісті дамытуға ниеттіміз. Тарифтер трансатлантикалық қатынастарға нұқсан келтіріп, қауіпті құлдырауға алып келуі мүмкін. Еуропа өз егемендігін қорғау жолында біртұтас, үйлесімді әрі берік ұстанымын сақтайды, — деп көрсетілген мәлімдемеде.