2024 жылғы футболдан Еуропа чемпионатына жолдама алған тағы екі құрама анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еуро-2024-ке Венгрия мен Словакия командалары да баратын болды.
G тобында өнер көрсеткен венгрлер Софияда Болгариямен 2:2 есебімен тең түсті. Осылайша Венгрия 15 ұпай жинап, Еуроға мерзімінен бұрын шықты.
Екінші жолдама үшін Сербия (13) және Черногория (11) құрамалары таласты.
J тобының 9-турында словактар өз алаңында Исландияны 4:2 есебімен жеңді. Олар 19 ұпай жинап, қалған командалардан озып кетті.
Қазіргі кезде Еуро-2024-ке жолдама алған командалар саны 11-ге жетті: Германия, Франция, Бельгия, Португалия, Испания, Шотландия, Түркия, Австрия, Англия, Венгрия, Словакия.
Еуропа чемпионатында барлығы 24 құрама ойнайды. Турнир 2024 жылы Германияда өтеді.