Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін Словенияға қарсы матчпен бастады, деп хабарлады BQ.KZ.
Н тобындағы алғашқы тур матчындағы ойын «Астана Аренада» өтті.
Ойынның 24-минутында Қазақстан құрамасы алға шықты. Максим Самородов сол қанаттан әуелеген допты голға айналдырды. Осы голдың арқасында қазақстандықтар үзіліске жеңімпаз ретінде кетті.
Бірақ екінші таймда бәрі өзгерді. 47-минутта Давид Брекало таразы басын теңестірді. Ал 78-минутта Зан Випотник словениялықтардың екінші голын соқты.
Өкінішке қарай, ойынның соңына дейін алаң иелері есепті теңестіре алмады. 1:2 – Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеуін жеңіліспен бастады.
Енді қазақстандықтар 26 наурызда өз алаңында Данияны қабылдайды.