Солтүстік өңірлеріндегі сүт өңдеушілер өндірісті қысқартуға мәжбүр. Сенатор Зәкіржан Күзиев депутаттық сауалында осылай деп айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың мәлімдеуінше, шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалып келген. Мүйізді ірі қараның 85%-дан астамы және елімізде өндірілген бүкіл сүттің 88%-ы солардың қолында.
Ол 2025 жылғы 1 қаңтардан кейін жағдай ушығатынын айтады. Себебі, сол кезден бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімі күшіне енеді. Жаңа ережеде шикі сүтке қойылатын талаптар күшейтіледі. Ол бойынша сүт машинамен сауу арқылы дайындалып, бірден салқындатқыш шанаққа түсуі керек. Барлық шикі сүттің 90%-на дейін өндіретін шағын шаруа қожалықтары мұндай жағдайды қамтамасыз ете алмайды.
Шикі сүтті оны өңдеу кәсіпорындарына Техникалық регламентке сәйкес жеткізудің мүмкіндігі жоқ. Шикізат тапшылығына байланысты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс қуаты 40%-ға дейін азаяды. Сүт зауыттарының 90%-ы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Оның талаптары күшіне енгеннен кейін, бүгінде сүт сатудан табыс табатын ауыл тұрғындарының 70%-ы тұрақты табыс көзінен айырылады, - дейді Күзиев.
Зәкіржан Күзиев жағдайдың алдын алу үшін ауыл тұрғындарына қарқынды түрде несие беру және сервистік-сатып алу орталықтарын құру керегін айтады.
Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін реформалауды жүзеге асыру, субсидия түрлерінің санын қысқарту, елу шақтысының арасынан тек бірнеше негізгісін қалдыру керек. Ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруді, оны қайта өңдеуді және өткізумен қоса азық-түлік тауарларының айналымын қосымша құн салығынан босату керек, - деді сенатор.