Еуразиялық интеграция институты: Әлеуметтік желілердің сайлау кезеңіндегі рөлі артып келеді

22 Желтоқсан 2023, 18:43
859
Бөлісу:
Еуразиялық интеграция институты: Әлеуметтік желілердің сайлау кезеңіндегі рөлі артып келеді
Фото: Арман Мухатов - архив

Еуразиялық интеграция институты (ЕИИ) "Қазақстандықтардың 2023 жылғы саяси қорытындыларды шығару контекстіндегі сайлау процестеріне көзқарасы" тақырыбында онлайн-брифинг ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы бастамашылық еткен саяси реформаларының негізгі нәтижесі деп 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлауды және 5 қарашада өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің пилоттық сайлауын айтуға болды. 

Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеевтің айтуынша, дәл осы екі науқан ЕИИ-дің әлеуметтанулық зерттеуінің негізгі объектісіне айналды. 

Мәселен зерттеу аясында аралас сайлау жүйесін енгізу туралы қоғамдық қабылдау деңгейі анықталды. Депутаттарды сайлаудың жаңа форматы туралы білетіндердің көбі (77,3%) мұндай реформалар Қазақстандағы демократияның дамуына ықпал ететінін мәлімдеді. Осылайша жаппай сауалнамалардың нәтижесі бойынша аралас сайлау жүйесін қоғам мақұлдап отырғанын байқауға болады. Бұл ретте партия кандидаттарына қарағанда өзін-өзі ұсынушыларға қолдау деңгейі сәл жоғары екені тіркеледі, - деді ол.

Еуразиялық интеграция институтының мәліметтеріне сәйкес, қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа құрамынан және барлық деңгейдегі депутаттардың жұмысынан олар әлеуметтік проблемалардың мәнін зерттеп, зерделейтініне (36%), азаматтардың мүдделерін қорғауға (31,5%) және халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға (29,7%) жұмыс істейді деп сенеді.

Сауалнамаға қатысқандардың бестен бірі жақсы нәтижеге үміттенеді, бірақ бір нәрсе болжауға әлі ерте деп санайды (20,5%). Респонденттердің тағы бір бөлігі депутаттардың электоратпен жұмыста және өзара іс-қимылда қолжетімділігі мен ашықтығына үміттенеді (17,8%). ЕИИ жүргізген жаппай сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың басым көпшілігі (83,9%) аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау туралы идеяны қолдайды. Бұл азаматтардың мемлекеттік басқару процестеріне қатысудың қаншалықты маңызды екенін мойындау ретінде түсінуге болады, - деді Оразғали Селтеев.

Оның сөзінше, бұл қоғамның ашық болып, адамдардың шешім қабылдау жүйесіне деген ұмтылысының артып келе жатқанын көрсетеді. Мұнда азаматтар жергілікті атқарушы билік басшыларының таңдауына тікелей әсер ете алады.

Ал сайлау туралы ақпаратты алу жағына тоқталсақ, қазақстандықтар ақпаратты әлеуметтік желілерден (43,5%), теледидардан (32,6%), мессенджерлерден (20,5%) және жаңалық сайттарынан (20,2%) біліп отырған. Бұл ақпараттың негізгі көзі ретінде әлеуметтік медианың дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда біртіндеп басым болып бара жатқанын тағы бір рет дәлелдеді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын қолдау халық арасында жоғары деңгейде екенін көрсетті. Осылайша азаматтардың 90,7%-ы сайлауды ұйымдастыру процесіне қанағаттанғанын атап өтті, - деді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы