Елімізде Қазақстан халқы тілдерінің күні аталып өтіп жатыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі "Alash" қазақ тілі клубының негізін қалаушы Алина Канмен сұхбаттасты.
Жастардың тілдерді үйренуге деген қызығушылығын арттыру үшін Алина Кан еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйренуге белсенді қолдау көрсетуге кеңес береді. Алайда, оның пікірінше, бұл процесте ата-аналар маңызды рөл атқарады және тілді үйрену отбасынан басталатын атап өтті.
- Қазақ тілін үйренуге деген сұраныстың деңгейі қандай?
Бәріміз әртүрліміз. Дініміз, ұлтымыз бөлек. Дегенмен, бізді біріктіретін тіл. Соңғы 2 жылда қазақ тіліне деген сұраныс жоғарылады. Меніңше, бұл қуантарлық жағдай. Қай ұлт өкілі болмасын, қазақ тілін үйренуге, меңгеруге ұмтылып жүр. Біздің орталыққа, әсіресе, жастар қазақ тілін үйреніп, меңгеруге өтініш білдіріп жатыр. Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, кейбір қазақтың өздері ана тілін білмейтінін байқаймыз. Әрине, бұл жағдайлардың әртүрлі әсері мен себебі бар. Сол жастарымызда ана тілімізді тереңірек білсек деген құлшынысы бар.
- Адам баласына белгілі бір тілді үйренуге не түрткі бола алады?
Соңғы жылдары елімізде қазақ тілін үйреніп, білуге құштар адамдардың саны артып келеді. Шетелден келген адамдардың тілді үйреніп, қызығушылық танытқаны қуантады. Қазіргі уақытта қызмет көрсету орталықтарында, сауда жасасаңыз да, қайда барсаңыз да, қазақ тілін білуді қажет етеді. Сол себептен де тілді үйренуге талпынған адамдардың қатары арта түсуде. Меніңше, балаға кішкентай кезінен ата-анасы қазақ тілінің маңызын айтып, отбасында үйретсе, сол тілді меңгереді. Тілді үйренуге патриотық сезімнің де әсері бар. Көпшілігіміз ұлттық киімдерді, қазақы ою-өрнек бейнеленген әшекей бұйымдарды таққанымызда, тілге деген құрмет пен құлшыныстың артары сөзсіз.
- Лингвистика саласына қалай келдіңіз? Неліктен қазақ тілі мұғалімі боламын деп шештіңіз?
Менің негізгі мамандығым - инженерия-метрология, дәлірек айтсақ, көліктегі стандарттау және сертификаттау бойынша маманмын. Бала кезімнен мұғалім болуды армандадым. Маған қазақ тілін үйренуге бастауыш сынып мұғалімім Гүлжан Асымбаева түрткі болды. Магистратураны бітірген бойда мектебімізге жас әрі өте сұлу мұғалім келді. Мен де ол сияқты әдемі мұғалім болуды армандадым. Әрине, маған оның сабақ бергені, ақпаратты жеткізуі де ұнады. Осылайша, мен өзімді қазақ тілін үйретуші ретінде көре бастадым. Мен өз елімнің патриотымын. Келесі ұрпақтың есінде еңбегіммен есте қалуды жөн санаймын. Өз Отанымның өркендеуі үшін кем дегенде бір нәрсе жасағым келеді.
- Қай тілде ойланып, шешім қабылдай аласыз? Өзге тілде сөйлеп үйренген адам үшін жаңа тілді меңгеруге қанша уақыт қажет?
Мен екі тілде - қазақша да, орысша да ойланып, сөйлей аламын. Орыс тілді адам қазақ тілінде таза сөйлегісі келсе, қазақтың менталитетін, мәдениетін бойына сіңіруі керек. Қазақ тілінде ойлау үшін қазақты сүю керек. Ал тілді меңгеру әр адамның өзіне байланысты. Біреулер 6 айда, енді біреулер өмір бойы үйренеді. Мен өмір бойы үйренетіндердің қатарындамын. Тілді толық меңгеріп сөйлеп кетуге болады. Сондай-ақ оны жетілдіріп отыруға да болады. Тілді үйренудің оңай жолы - оны практикалық тұрғыда дамыту қажет. Біздің елде бұл қиын емес. Себебі айналамызды қоршаған адамдардың барлығы дерлік қазақ тілін біледі. Барлығымен ұялмай, емін-еркін сөйлесіп кете беруге болады. Қазақ тілін үйренудегі ең маңызды нәрсе - ниет пен қалау. Қалада әртүрлі тілдік курстар мен тіл үйрену клубтары бар соларға баруға болады.
- Үй жағдайында тілді жеткілікті деңгейде үйренуге бола ма?
Әрине, болады. Әлеуметтік желілерде жақсы музыка, кино және мультфильмдердің қазақ тілінде және басқа тілдерде жарық көргенін байқауға болады. Бұл - тілді үйренуге таптырмас мүмкіндік. Көбірек тәжірибе жасап, грамматикаға көп уақыт жоғалтудың керегі жоқ. Бағана атап өткенімдей, сол тілде сөйлейтін адамдармен араласу арқылы тілді тезірек, жетік меңгеруге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде тілді үйретін плаформа мен видеолардың саны жетерлік. Қалауы бар адамға барлық жағдай жасалған.
- Әңгімеңізге рахмет!