Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өнімінің жоғары өнімділігі өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, азық-түлік бағасын бақылау бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.
Бірінші бағыт – тұрақтандыру қоры.
Біз биыл 2,5 млрд теңгеге тұрақтандыру қорын құрдық. Бұл қор әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді, – деді Исабаев.
Екінші бағыт – ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау.
Тұрақтандыру қоры арқылы шаруаларға субсидия беріліп, олар бірінші қажеттіліктегі ауыл шаруашылығы өнімдерін белгіленген, төмендетілген бағамен жеткізеді.
Бұл – өнімді өсіру мен жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды механизм, – деді әкім.
Үшінші шара – әлеуметтік дүкендер.
Талдықорған қаласында 7 әлеуметтік дүкен ашылған. Онда тауарлар қаладағы орташа бағадан 10-15 пайыз арзан сатылады.
Төртінші бағыт – коммуналдық базар.
Талдықорғанда жыл бойы жұмыс істейтін коммуналдық нарық бар. Әр сенбі және жексенбі күндері фермерлер ет, сүт, картоп, пияз сияқты маңызды өнімдерді “егіннен – сөреге” қағидасымен тікелей тұтынушыға ұсынады.
Сонымен бірге, өңірде былтыр сыйымдылығы 8 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы салынған. Онда негізінен картоп, сәбіз және пияз сақталады.
Әкімнің айтуынша, қажет болған жағдайда нарықтағы бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін тауарлық интервенция жасалады.
Баға шарықтаған жағдайда, біз қоймадағы өнімдерді нарыққа шығарып, дүкендерді картоп, сәбіз, пиязбен толық қамтамасыз ете аламыз, – деді Бейбіт Исабаев.
Еске салсақ, жетісулықтар айына қанша жалақы алатыны белгілі болды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді. Әкімнің айтуынша, Жетісу облысы 2023-2024 жылдары жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) өсімі бойынша республикада үздік нәтиже көрсеткен.