Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшісі Нұрлан Сейтімов Эстония Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдігінің басшысы Маргус Ильмъярвпен кездесті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында екі ел арасындағы кәсіпкерлерінің өзара тиімді ынтымақтастығының перспективалары мен нысандары, атап айтқанда, сәуір-мамыр айларындағы инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу үшін экономикалық вебинар және эстониялық кәсіпкерлері делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Елші елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, кәсіпкерлік белсенділік үшін оңтайлы жағдайлар жасау, шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі ағымдағы бастамалары туралы хабардар етті.
Өз кезегінде, М.Ильмъярв жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтіп, эстон бизнесінің қазақстандық нарыққа қызығушылығы туралы айтты.
Қазақстан Орталық Азия өңірінде басты назарды өзіне аударып отыр, өйткені оның экономикасын дамытудың әлеуеті жоғары, - деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және қалыптасқан өзара іс-қимылды кеңейту бойынша нақты әрекеттерді бастау қажеттілігі атап өтілді.