Ескі автобустар зары. Тұрғындардың қоғамдық көлікке көңілі толмайды

29 Маусым 2023, 20:12
1268
Бөлісу:
Ескі автобустар зары. Тұрғындардың қоғамдық көлікке көңілі толмайды
Фото: автордан

Маңғыстау облысы, Сайын Шапағатов ауылы тұрғындарының қоғамдық көлікке көңілі толмайды, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Облыс орталығына қатынайтын автобустар ескі әрі кішкентай. Қыстың бораны мен жаздың аптабында сағаттан көлік күтуге тура келеді.

Біз Сайын Шапағатов ауылында 5-кварталда тұрамыз. Кішкентай автобустарды беріп қойған. Бірақ таңертен 8 бен 9, кешке 5 пен 7-нің аралығында автобус лық толы. Жолаушылар сыймайды, - дейді ауыл тұрғыны Айнұр Анетова.

Бірнеше жылдан бері қоғамдық көліктің жетіспеушілігі көтеріліп келеді. Алайда, билік оң шешімін тауып бере алмай отыр. Ауыл тұрғындары жаңа автобус қана емес, сонымен қатар аялдамаларды да жаңартуды сұрайды. Аялдамалардың қабырғалары жарылған, төбесі опырылып құлағалы тұр. Осы келеңсіздікке ашынған ауыл тұрғыны Абдурахим Құрманғазының айтуынша, әкімдікке осы мәселе бойынша талай рет барған. Тезірек келуін тағатсызданы күтіп отыр.

Аялдамада аялдау мүмкін емес. Жағымсыз иіс оның маңына жуытпайды. Тұрғындар аптапта күннің астында тұруға мәжбүр. Мәселемен ауыл әкімдігі хабардар. Бірақ шешуге қауқарсыз. Өйткені, облыстық маңыздағы жол басқармаға тиесілі. Басқарма басшысы автопаркты жаңарту үшін биыл 1 млрд-тан аса қаражат бөлген.

Осы мақсатта облыстық бюджеттен 1 млрд 340 млн теңге қаржы бөлінді. "Каспий" әлеуметтік корпорациясы арқылы өндірістік қор арқылы 140 автобусқа өтінім бердік. Олар дайындалып жатыр. Автобустардың алғашқы 50-і осы шілде-тамыз айларында келеді деп жоспарлап отырмыз. Сайын ауылының автобустарын да жаңарту жоспарымызда бар,- дейді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев.

Метан газымен жүретін жаңа автобустар алдағы айда келеді деп күтілуде. Ал Сайын ауылының мәселесі келер жылы шешілуі мүмкін. Аялдамаға келер болсақ, оның құрылысын бастауға кәсіпкерлерден ұсыныс қажет.

Өзгелердің жаңалығы