Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ деректері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты еліміздің сегіз өңірінде автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысы тоқтатылды.
Көктайғақ, қар аралас жаңбыр, жаяу бұрқасын салдарынан Нұр-Сұлтан қаласындағы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Азаматтарды ауа-райының өзгерістерін бақылауға шақырамыз. Дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар. Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын, ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн. Егер қатты боран, бұрқасын болса, жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал. Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес береміз - деді ол.
Төменде келтірілген қарапайым ұсынымдарды орындасаңыз, боран болған кезде және бораннан кейін аман қалуға көп септігін тигізеді.
Қыста жолға шығар алдында:
1. Мұқият ауа райы болжамын зерделеңіз;
2. Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз.
Ақпаратты «Қазавтожол» ҰК сайтында толығымен жабық учаскелердің картасын көруге болады. Не болмаса бірыңғай телефон нөмірі 1403 немесе құтқару қызметінің «112» телефон нөмірі, сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады. «112» қызметінен ресми дауылды ескерту алған жағдайда елді мекендерден және жолға шығудан бас тарта тұру қажет - дейді Талғат Уәли.
Шұғыл қызметтер авттомобильдерді лектік ілесіп жүруге шешім қабылдаған жағдайда:
- жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз;
- ілесіп жүретін шұғыл қызмет белгілеген жылдамдық режимін сақтаңыз;
- өткізу пунктінен шыққан автомобильдің артынан ілесіңіз және оны басып озбаңыз;
- алдында келе жатқан автомобильдің арасындағы қашықтықты сақтаңыз;
- алағы автомобильдерді басып озуға болмайды;
- айналаңдағы қозғалысқа үлкен мән беріңіз.