Есірткіні жарнамалағандар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін

29 Шілде 2019, 23:52
1657
Бөлісу:
Есірткіні жарнамалағандар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ІІМ есірткіні өткізгені үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірледі. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

ІІМ мәліметіне сәйкес, жыл сайын түрлі есірткі заттарын жарнамалайтын немесе сататын 4,5 мыңнан астам сайт бұғатталады. 

«ІІМ бастамасымен бақылаудағы есірткі заттарының тізімін барынша қысқа мерзімде жаңа психобелсенді заттармен толықтыруға мүмкіндік беретін заңнамаға түзетулер қабылданды. Бұл тізімдер қазір барлық белгілі есірткілер мен олардың аналогтарын қамтиды. Сонымен қатар, интернет-ресурстар арқылы есірткіні таратуға қатысты бірқатар заңнамалық бастамалар қаралуда», - делінген хабарламада. 

Ведомство бүгінде есірткіні өткізгені үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірледі. 

«Қылмыстың құрамын «электрондық ақпараттық ресурстарда есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу, жіберу немесе өткізу мақсатында дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау туралы ұсыныстарды орналастыру» деген саралау белгісімен толықтырады. Осындай әрекеттің қаупін ескере отырып, оны жасағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілей отырып, өмір бойы бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады», - дейді мамандар.
   
Сондай-ақ есірткіні насихаттау немесе жарнамалау жолымен есірткі тұтынуға мәжбүрлеуге қатысты жауапкершілікті енгізу ұсынылады. Бұл әрекет үшін баламалы жазалармен қатар, 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Егер бұл қылмыс электрондық ақпараттық ресурстардың көмегімен жасалса, кінәлі адам 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. 

«Бұл түзетулерді ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізу кезекті сессияның жұмысы басталатын уақытқа жоспарланған. Бұл шаралар есірткі сайттарының электрондық мекенжайлары бар граффити-жазуларды қалдыру, есірткі сайттарын әкімшілендіру, сондай-ақ электрондық ресурстар арқылы есірткілерді өткізу сияқты әрекеттерді қылмыстық іс жүргізу саласына енгізуге мүмкіндік береді. Жаңа синтетикалық есірткілерді қолдануға негізінен жасөспірімдер мен оқушы жастар тартылатынын ескере отырып, Ішкі істер министрлігі ата-аналарға өздерінің балалары қарайтын интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді бақылауды ұсынады», - делінген ведомствоның хабарламасында.  


Өзгелердің жаңалығы