Есірткі контрабандасының төрт фактісі анықталды

30 Желтоқсан 2024, 19:14
278
Бөлісу:
Есірткі контрабандасының төрт фактісі анықталды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Астана қаласы прокуратурасының бастамасымен "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасы шеңберінде есірткі контрабандасына қарсы кешенді алдын алушаралары әзірленіп, жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, Полиция департаменті мен логистикалық компаниялардың біріккен жұмыс нәтижесінде пошта жөнелтілімдерін тексеру мақсатында қызметтік-іздестіру иттерін пайдалануды қарастыратын іс-шаралар жоспары бекітілді.

Есірткі контрабандасының төрт фактісі анықталды.

Мысалы, Алматы қаласынан жеткізілген 4,9 кг мефедрон тәркіленді. Сондай-ақ, Батыс Австралиядан үрлемелі матрас ретінде жеткізілген 914 гр марихуана контрабандасы анықталды. Бұл бойынша 4 адам ұсталды.

Бұдан бөлек, Таиландтан есірткі жеткізудің заңсыз халықаралық арнасы тоқтатылды, онымен 998,43 гр кептірілген марихуана тәркіленді. 

2024 жылдың 22 қарашасында Иран Ислам Республикасы азаматының пәтерінен тінту кезінде Ұлыбританиядан пошта арқылы жіберілген 151,20 гр кептірілген марихуана тәркіленді, - деп хабарлады елордалық прокуратура.

Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 296 және 297-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Өз кезегінде, 6 есірткі таратушы ұсталды, оның ішінде 1 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғандарына қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Астана қаласының прокуратурасы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметтердің заңдылықты қамтамасыз ету және қоғамды есірткі қауіп-қатерінен қорғау бойынша үйлестіру жұмысын жалғастыруда.

Өзгелердің жаңалығы