Бас прокурор Берік Асылов есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейіп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтеміз. Үйлестіру кеңесін өткіздім. 8 мың қылмыс анықталды, оның 2,2 мыңы сату бойынша. 4 мың адам жауапқа тартылды. 135 есірткі каналы жойылды. Өңірлерде 8 ұйымдастырушы ұсталды, - деп жазды Берік Асылов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Прокуратураның үйлестіруімен Павлодарда есірткі өндірумен айналысқан шетелдіктердің қызметі тоқтатылды.
Оларда айналымы 100 млн доллардан асатын Қазақстан мен ТМД елдерінің аумағында істейтін бірнеше есірткі дүкенінің криптоәмияндары анықталды. «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында есірткі жарнамасы бар 47 мың граффити жойылды, 426 қылмыстық іс қозғалды, 36 адам ұсталды. Есірткі бизнесінде қолданылатын химиялық заттарды бақылау үшін Таргетинг-орталығын құру жобасын жалғастырамыз, - деді ол.