Есімов: Студенттерге таныс емес, білім мен еңбексүйгіштік қажет

3 Қаңтар 2019, 11:03
2038
Бөлісу:
Есімов: Студенттерге таныс емес, білім мен еңбексүйгіштік қажет

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Назарбаев университеті меморандумға қол қойды.

«Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «Назарбаев университеті» ДБҰ президенті Шигео Катсу меморандумға қол қойды. Ол аталған университтердің студенттеріне «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен оған еншілес ұлттық компанияларла оқу кезінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ аталған ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері де «Назарбаев университетінде» біліктілігін арттыру курстарынан өте алады.

Шара барысында Ахметжан Есімов аталған меморандумның маңызына тоқталды. Оның пікірінше, меморандум Назарбаев университетінің ғылыми әлеуетін пайдаланып, ортақ мақсатта жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«Біздің компанияда білікті кадрлар жұмыс істейді. Оларды жаңа кадрмен толықтыру жұмыстың тиімділігін арттырады. Назарбаев университтерінің студенттері оқу кезінде ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компанияларда практикадан, стажировкадан өтуге мүмкіндік алады. Яғни олар осындағы жұмыстың қандай екенін біле алады. Менің ойымша, бұл олар үшін өте пайдалы», - деді басқарма төрағасы.


Оның айтуынша, биыл ұлттық әл-ауқат қоры «Цифрлы жаз» жобасын жүзеге асырған. 2 мыңнан астам жас жобаға қатысуға ниет білдірген. Ал оның 72-сі тілдесуден өткен.

«Нәтижесінде 33 жас маман әл-ауқат қоры мен ұлттық компанияларға жұмысқа орналасты. Олардың арасында Назарбаев университетінің студенттері де бар. Осылайша, біз әл-ауқат қоры мен ұлттық компанияларда жұмыс істеу үшін таныс емес, білім мен талант, еңбексүйгіштік қажет екенін көрсеттік. Жас кадрларды таңдау практикасын жалғастырып қана қоймай, оның қарқынын үдетеміз. Елбасы «Назарбаев университеті экономикамыздың дамуына үлес қосатын кадрларды дайындау қажет» деп бекер айтқан жоқ. Сонымен қатар ол білім беру саласына экономикалық сектордың бір бөлігі деп қарау қажеттігін атап өтті», - деді Ахметжан Есімов.

Осы орайда «Назарбаев университеті» ДБҰ президенті Шигео Катсу да аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

«Біз студеттеріміздің ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компанияларда жұмыс істеп жүргеніне қуанамыз. Түлектеріміздің қалай жұмыс істеп жүргенін бақылағымыз келеді. Біз «Самрұқ-Қазына» әлқат-қорының қызметкерлерінің біліктілігін арттырамыз», - деп түйіндеді сөзін ол.

Дәурен Ерболат 


Өзгелердің жаңалығы