Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Болат Асанов есімді гроссмейстерді естігендеріңіз бар ма? Егер ол туралы бұрын-соңды естімеген болсаңыз, ол туралы айта кетуді жөн көрдік.
Болат Асанов деген кім?
Интернеттегі өмірбаянына қарасаң, 1961 жылы 7 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1973-1980 жылдары шахмат бойынша Одақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Михаил Ботвинниктің мектебінде оқыған. Одан бөлек, С.Киров қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін тәмамдаған. Бірнеше жылдан кейін тарих бойынша кандидаттық диссертация қорғаған.КСРО тараған соң, аз уақыттың ішінде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атанып шыға келді. Сөйтіп, 1992 жылы Бағдадта мұсылман елдері арасында өткен додада чемпион атанды. Келесі жылы Азия чемпионатында топ жарды. Қазақстан құрамасы сапында 1992 жылы Олимпиада ойындарына қатысты.
1996 жылдан бастап, 15 жылдай Қазақстан құрамасының бас бапкері болды. Кейін Евгений Владимиров пен Павел Коцур тізгінді ұстады.
Ол тек Қазақстанда ғана емес, Қалмақ республикасының астанасы Элиста қаласында да еңбек етті. Сондықтан сол елдің құрметті азаматы атанды.
Қазақстан республикасының еңбек сіңірген бапкері (1997), халықаралық дәрежедегі арбитр (1998), Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы (2003), ФИДЕ-нің орталық комитетінің мүшесі(1994-1998), ФИДЕ және ХОК-тың делегаты (2006-2008) болды.
2001 жылы әлем құрамасы мен Ресей кездескенде әлем құрамасының бас бапкері қызметін атқарған Ясер Сейраванның көмекшісі болды. Елімізде бірнеше халықаралық жарыстарды ұйымдастырған.
Шахматқа елдің қызығушылығын арттыру үшін телевидениеге шығу керек
Қазір әлемдік шахматтың дамуы қиын жағдайда. Ата-әжелеріміз немерелерін шахмат секциясына апарған кездер бәріміздің есімізде. Өйткені олардың көз алдында Карпов, Фишер, Спасский секілді интеллектуал, атақты гроссмейстерлер тұрды. Сосын бәрі өзгерді. Одақ құлады, қырғи-қабақ соғыс аяқталды, социализм мен капитализмнің өзара қырқысы бітті. Осыдан кейін шахматқа деген көзқарас өзгерді. Шахмат спорты бұрынғы позициясынан айырылды. Осы күні шахматты жаңа белеске көтеру үшін көп жұмыс атқарылып жатыр, бірақ ол жеткіліксіз. Шахмат заманауи спорт жүйесінде өз орнын алу үшін телевидениеге шығу керек. Экранда шахмат ойыны көрсетілуі үшін партиялар саны қысқаруы тиіс екен! Егер блиц панацея болмаса, онда ең жақсы шешім. Жалпы, шахмат телевидение үшін қызықты болса, онда барлығына да қызық. Сонда демеушілердің де саны арта түседі, - дейді Болат Асанов.
Есімін Жұмабек Тәшенов қойған
Оның есімін "Болат" деп Жұмабек Тәшенов қойған. Аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерінің болашақ гроссмейстермен қандай байланысы барына тоқталсақ. Анасы Нұрила Әлімжанова Жұмабек Тәшеновтің әйелі Бәтестің бөлесі екен.17 жасымда мектеп бітіріп, Ақмоладан Алматыға Жұмабек жездем мен Бәтес апамның қолына оқуға келдім. Бәтес екеуіміздің шешеміз бірге туған. Ал Жұмабек жездем әкемдей болды, ештеңеден кем қылған жоқ. Менен кейінгі екі сіңілімді де оқытты. Үнемі қамқор болды. Жалпы, Бәтес апамның туыстары жағынан 4-5 қыз жүрдік. Солардың бәрін жеткізген осы жездем еді. Күйеуге де осы үйден шықтым. Босанғаннан кейін балаға атын қою керек болды. Жолдасым есімін Жұмекен деп қояйық деді. Содан Бәтес тәтеме қоңырау шалып, жездем жұмыстан қашан келеді, балаға есім қою керек деп айттым. Сөйтсем, жездем Ақтөбеде іссапарда көрінеді. Күттік, келген соң үйіне бардық. Дастархан жайып қойыпты. Сол жерде жаңа туған сәбиге Болат деп азан шақырып, атын қойды. Қазіргі танымал шахматист, гроссмейстер Болат Асановтың есімін осылайша жездем қойып еді, - дейді Нұрила Әлімжанова "Сәуле-ғұмыр" хабарында.
Болат Асанов дүниеге келер алдында Жұмабек Тәшенов 1 жылға жуық Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы болған. Қазіргі тілмен айтқанда үкімет басшысы. Одан кейін Шымкентке кетті.
Ал әкесі Кәрішал Асанов – елімізге белгілі диссидент. Қуғындалған жазушылар мен журналистерге берілетін халықаралық Хеллман-Хэммет сыйлығының лауреаты. Бірнеше кітап жазған. 2015 жылы 79 жасында дүниеден өтті. Кеңсайда жерленген.
Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа жеңіс туын бірінші тіккендігін мойындатты
Болат Асанов шахматтан бөлек, тарихшы. Ол 2005 жылы 7 мамырда зерттеуші Сергей Киммен бірлесіп, Ресей президенті Владимир Путинге жеделхат жолдап, лейтенант Қошқарбаевқа қатысты тарихи әділдікті орнатуды өтінеді. Өйткені осыған дейін Рейхстагқа жеңіс туын бірінші болып Кантария мен Егоров тікті деп келген. Болат Асанов туды 1945 жылы 30 сәуірде Берлин уақыты бойынша сағат 14.25-те Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов тіккенін дәлелдеп шықты. Тарихшы 1945 жылдың мамырында жарық көрген КСРО, АҚШ, Англия газеттеріндегі деректерге сүйенген.Ақыры әділдік жеңді. 2007 жылдың 7 мамырында РФ Қарулы күштерінің әскери тарихи институтының қызметкерлері қазақ Рақымжан Қошқарбаев бірінші болып ту тіккендігін растап, жазбаша түрде мойындады. Осыдан кейін Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа жеңіс туын тіккенін растайтын құжат Алматыдағы Орталық мұражайға тапсырылған болатын. 2008 жылы Б. Асанов пен С. Ким "Знамия Победы: запоздалая правда" деген кітабында шындыққа қалай қол жеткізгенін жазды.
Қошқарбаевтың взводы Шпрее өзенін алғашқылардың қатарында кесіп өтіп, 30 сәуір күні жеңіс туын Рейхстагқа тікті. Алайда бұл мәртебе Егоров пен Кантарияға берілген болатын. Бірақ Рейхстагқа туды 1945 жылы 30 сәуірде Берлин уақыты бойынша сағат 14.25-те Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов тікті. Бұл туралы Левитан бүкіләлемдік радио бойынша хабарлады. Осы деректі дәлелдейтін көптеген құжаттар бар. Маршал Жуковтың өзі "Правда" газетіне берген сұхбатында алғашқы жеңіс туын Рейхстагқа 150-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері тіккенін хабарлаған, - дейді Болат Асанов.