Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Әскери қызметішінің анты

Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Әскери қызметішінің анты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басында орын алған «Қаңтар оқиғасы» кезінде Ұлттық ұланның офицерлері мен сарбаздары анттарына адалдық танытып, қызметтерін мінсіз атқара білді. 400-ден аса ұландық әскери қызметші  әртүрлі деңгейде  жарақат алып, өкінішке қарай, екі жас сарбаз қаза тапты. 

Отан алдындағы серттеріне аса үлкен жауапкершілікпен қарап, ел алдындағы міндеттерін ұмытпаған әрбір ұландық сарбаз бен әскери қызметшінің еңбегі елеулі. Сондай офицердің бірі подполковник Жандос Көлбаев та ерлік танытып, халқы үшін бұзақыларға қарсы шыққандардың бірі болды.

Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Әскери қызметішінің анты

Батырдың жолы

Жандос Жамалұлы 1998 жылы Алматы қаласындағы Шекара институтының Ішкі әскер факультетінің командалық-тактикалық мамандығы бойынша оқуға түсіп, аталған институтты 2002 жылы бітіріп шығады. Оның әскери адам болғанын анасы қатты қалаған екен. 

Менің әскери қызметке барып, әскери адам болғанымды алдымен анам қалады, ол сол кезде Сарыағаш ауданы Көктерек ауылындағы Ішкі істер министрлігінің «Арман» санаторийінде медбике болып жұмыс жасайтын. Сол жерде жұмыс жасап жүргенде үлкен шенді, әскери формадағы әскери адамдарды көріп, «менің де балаларым осындай дәрежеге жетсе екен» деп армандаған. Қазіргі таңда анамның арманы орындалды, менің үлкен ағам Жамбыл Көлбаев та әскери қызметте, полковник шенінде, Петропавл қаласында Ұлттық ұлан Академиясының аға оқытушысы. Ол Қазақстанның көптеген аймақтарында әскери қызметін атқарды, - деп қазіргі жеткен жетістіктері туралы айтып өтті.

Подполковник Ж. Көлбаев 2002 жылы жоғарыда аталған Шекара институтын бітіргеннен кейін, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы Жоғары Әскери училищесіне (қазіргі Ұлттық ұлан Академиясына) взвод командирі лауазымына жолдамамен келеді. Осылайша Жандос Жамалұлының әскердегі өмірлік жолы басталып кетті. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында аға офицер лауазымынан бастап, Алматы қаласындағы 5572 әскери бөлімінде, Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімдерінде де өз міндетін адал атқарған офицер. 2015 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Әскери академиясына түсіп, оны 2017 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. 

Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Әскери қызметішінің анты

Елі үшін туған осындай офицерді дүниеге әкелген ата-анасы Жамал ағай мен Шарипа апайдың еңбегі зор. 2008 жылы әкесі Жамал аға дүниеден өткен, ол кісі көп жылдар бойы Сарыағаш қаласы Көктерек ауылының әкімі болып қызмет атқарды, ал анасы Шарипа апай қазіргі таңда зейнеткер, балалары мен немерелерінің ортасында ұрпағының қызығын көріп отырған бақытты ана. 

Кез келген уақытта жанымыздан табылатын анамыз – біздің қорғаушымыз, қолдаушымыз,-  дейді Ж. Көлбаев. 

Жандос Жамалұлы Көлбаев 1980 жылы 24 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылында дүниеге келген. 

Кейіннен әкесінің қызмет бабымен Сарыағаш ауданы Көктерек ауданына көшіп келеді. Осы ауылда балабақшаға барып, Панфилов атындағы орта мектебін бітіреді. Сарыағаш ауданынан қанат қағып, өмірге жолдама алған Жандос Жамалұлының бауырлары мен анасы қазір сол ауданда тұрады. 

Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Әскери қызметішінің анты

Әрбір жетістікке жеткен ер адамның артында ақылды әйел тұрады» дегендей, Жандос Жамалұлының отбасының түтінін түзу жағып, келген қонақтарын тамағымен емес, қабағымен қарсы алатын адал жары Салтанат Нәбиқызының да еңбегі зор. Әскери адам күні-түні елі үшін қызмет атқаратын болса, оның отбасының жағдайын жасап отыратын да – әйел.

Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Әскери қызметішінің анты

 Салтанат Нәбиқызы 1984 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауылында дүниеге келген, ол да әскери қызметкер, 6654 әскери бөлімінің саптық бөлімінде аға маман лауазымында қызмет атқарады. Жандос Жамалұлымен Петропавл қаласында қызмет етіп жүргенде танысып, өмірге бірге қол ұстасып, отау құрғандарына 10 жылдан астам уақыт өткен. Олар екі қыз бен бір ер баланы тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Үлкен қызы Гүлдана – 10 жаста, 4-сынып оқушысы, екінші қызы – Айзере, 2-сыныпта оқиды, ал кішкентай баласы 2 айдан енді ғана асқан Жанболат Жандосұлы осы Қаңтар оқиғасынан кейін дүниеге келген. 

Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Әскери қызметішінің анты

Қаңтар оқиғасы

Осы орайда міндетін адал атқарып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен подполковник Жандос Көлбаев марапатталған болатын. 

Ол Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Подполковник Көлбаев Қаңтар оқиғасы кезіндегі болған жағдай туралы былай деп еске алады.

Біз  бірінші белгі бойынша Қаракемер кентінен Алматы қаласына келдік. 5571 әскери бөлімімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шықтық. Алматы қаласының Республика алаңына барып орналасып, шерушілерге барынша қарсы шығуға дайын тұрдық. Бірақ олардың арам ойлары тез арада өзгеріп,  жаппай тәртіпсіздік орын ала бастады. Сол кезде біз алаңнан азаматтарды ығыстыра бастадық. Біз Наурызбай батыр көшесіне дейін алға жылжып, С. Сейфуллин көшесіне дейін шықтық. Біздің арнайы құралдарымыз аяқтала бастады. Сол кезде бұзақылардың үлкен легі бізге қарсы келді. Сарбаздарды соққыға жыға бастады. Мен алға шығып, сарбазды өзіміздің арамызға алғым келді. Себебі сарбазды қарсыластың қолында қалдыруға болмайды. Сарбаздарды арашалап, ортамызға алғым келген кезде, бұзақылар мені соққыға жыға бастады, мен де барынша қарсыласып жатырмын, бірақ олардың көптігі сонша, олардың соққылары бірінен кейін бірі тиіп жатты. Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Сол сәтте олардың арасынан біреуі басыма темір тығайын деп жатты, бірақ арасынан біреуі «Болмайды, өлтірмеңдер!» деп айқай салғанын естідім. Қара тобыр тоқтап қалды. Олардың барлығы қазақтың жап-жас балалары болды. Үстімдегі қорғаныш әскери киімімді шешіп тастады да, «бара бер» деді. Мен шала-шарпы есім кіресілі-шығасылы күйде әрең дегенде қаруластарыма жеттім, - дейді ол. 

Жандос Жамалұлының мұндай әрекетін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жоғары бағалап, марапатқа лайық деп таныды. 

7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы ұйымдастырған салтанатты шарада Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Ботақанов марапатқа ие болған офицерлер туралы былай деп өз ойын білдірді.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұланның барша әскери қызметшілері мен офицерлері өз міндеттерін адал атқарып, бұзақыларға қарсы тұра білді. Олардың ерліктері бағаланып, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен генерал-майор Қайрат Ақтанов II дәрежелі «Даңқ» орденімен, II дәрежелі «Айбын» орденімен полковник Константин Қуатов пен подполковник Жандос Көлбаев, ал «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен подполковник Т. Оразғалиев марапатталды. Жоғары марапатқа ие болған бұл офицерлердің барлығы Қаңтар оқиғасы кезінде төтенше жағдай уақытында қойылған тапсырманы толықтай орындап, арнайы қару-жарақты қолдану арқылы ұтымды әдіс-тәсіл қолдана білді. Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшісі, офицерлері мен сарбаздары өз міндеттерін адал атқарып, оқиғаның соңғы сәтіне дейін бар күш-жігерлерін жұмсап, адалдық танытты, - деді ол. 

Жауапты қызмет

Жоғары марапатқа ие болған II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Жандос Жамалұлын марапатымен құттықтай отырып, сол кездегі сезімімен бөлісуді сұраған едік. 

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығынан хабарласып, Отан қорғаушылар мерекесіне орай сізге Қазақстан Республикасының Президенті атынан марапат ұсынамыз, сол себепті  Нұр-Сұлтан қаласына жетуіңіз керек деген хабар жеткен кезде, әрине, қуанышымда шек болмады. Еңбегіңнің еленіп жатқаны, біріншіден, үлкен күш-қуат береді, өзіңе деген сенімділікті күшейтеді. Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты М. Ахметжанов марапатты табыстаған сәтте үлкен жауапкершілікті сезіндім. Еңбегімді бағалап, осындай марапатқа ұсынған  Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Е. Ботақановқа, 6654 әскери бөлімінің командирі мен басшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Бұл марапат – мен үшін тағы да қажырлы қайрат пен зор сенім, күш сыйлады десем артық айтқаным емес. Отаным үшін, ел үшін әрқашан қасық қаным қалғанша еңбек етіп, антыма адалдық танытамын деп уәде беремін. Мұндай марапат мен үшін абырой және жауапкершілікті жүктейді, – деді Жандос Жамалұлы. 

Қазіргі таңда подполковник Көлбаев 6654 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында. Жандос Жамалұлы қызмет барысында қарамағындағы әскери қызметшілердің  ойымен санасып, жеке құраммен тығыз байланыста жұмыс атқаратынын айтты. 

Командирлер мен жеке құрам алдында өзіңе деген сенімділігің мықты болуы керек, әр кезде әскери қызметшілердің отбасылық жағдайымен таныс болып, оларға қиын сәтте әрқашан қолдау көрсету қажет. Шынайылық, жоғары адамгершілік, қандай жағдайда да кез келген адамға қолұшын беріп, көмек көрсету – менің өмірлік ұстанымым, - дейді ол. 

 

 

Бөлісу: