Есігінің алдына есірткі еккен қылмыскерлер ұсталды

20 Мамыр 2020, 22:17
1785
Бөлісу:
Есігінің алдына есірткі еккен қылмыскерлер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістандық полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары аясында бірқатар қылмыстарды ашып, есірткі сатқан, сора еккен күдіктілерді ұстады.

Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі өз үйінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Сол күні Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің криминалдық полиция қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Нәтижесінде, Састөбе ауылының тұрғынын ұстады. Жедел уәкілдер оның үйінің бағынан шелекке отырғызып, өсірілген, құрамында есірткі заты бар өсімдіктің 11 түбін тапты. Полиция қызметкерлері қарасораға ұқсайтын өсімдіктің түптерін айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жіберді. Күдікті кінәсін толық мойындап, өзінің қажеттілігі үшін қарасора өсіргенін айтты - делінген хабарламада.

Қылмыс ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қолхатпен босатылды.

Бұған дейін Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің полицейлері тағы бір есірткі қылмысын ашты. Бір келіден астам марихуана есірткісін сатушы ұсталды. Сәуір айында Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, таныс емес тұрғын есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысатыны туралы хабарлаған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді - делінген ПД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдерімен бірлесіп, есірткі сатқан күдіктіні құрықтады. Айғақты зат ретінде полиция қызметкерлері күдіктіден бір келіден астам “марихуана” тәркіледі. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары тағы бір есірткі затын Түркістан облысы Мақтаарал ауданынан анықтады. Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері облыстық Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, есірткі сатумен айналысқан жергілікті тұрғынды ұстады. Күдіктіден жалпы салмағы екі граммнан асатын марихуанаға ұқсас есірткі заты бар сіріңке қораптары тәркіленді. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр - делінген хабарламада.

Түркістан облысында тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткіге байланысты 150-ден астам құқық бұзушылықты, соның ішінде 60-тан астам есірткі қылмысын анықтады. Жедел уәкілдер заңсыз айналымнан 20 келіге жуық есірткі құралдары мен құрамында алты мыңға жуық есірткісі бар өсімдіктер тәркіледі.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға заңсыз есірткі сақтап, өсірген, сатқандарға қылмыстық жауаптылық барын ескертеді. Облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады. Егер сіз есірткіге қатысты мәселеге тап болсаңыз немесе осы салада қылмыс жасауға байланысты ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияның “102” телефоны бойынша хабар беріңіз - дейді құқық қорғаушылар.
Өзгелердің жаңалығы