Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын елімізде 25 мыңнан астам адам обыр дертінен жан тәсілім етеді. "Аты жаман аурудан" айығуға үміт бар ма? Неліктен бұдан былай қазақстандықтар үшін қатерлі ісік "өлесің" деген сөз емес? Елордада ашылған "Úmіt" томотерапия және ядролық медицина орталығы қатерлі ісіктің барлық түрін емдеуге қауқарлы ма және қандай тың тәсілді қолданады? Сан мыңдаған жандарға үміт отын сыйлаған онкологиялық емдеу орталығын ашуға бірден-бір себепкер болып, негізін қалаған доктор Абай Байгенжин не дейді? Медициналық директор Анар Қыстаубаева, дәрігер-рентгенолог Борис Цой және радиациялық онколог Дәулет Берікбол пациенттерді ешбір химиясыз қалай емдейді? Осы және өзге де сауалдарға отандық білікті мамандар BAQ.KZ тілшісіне берген бүгінгі сұхбатымызда жауап берді.
Обырдың кез келген түрін емдейді
– Абай Қабатайұлы, "Үміт" орталығында 2 томотерапия аппараты орналасқанын көріп тұрмыз. Әлемде жылына небәрі 6 данадан шығарылатын бұл қондырғылардың мүмкіншілігі қаншалықты жоғары? Дәл осы тың әдістің арқасында қатерлі ісіктің барлық түрін емдеуге бола ма? Сонда шынымен ешбір химиясыз ба? Біздің білуімізше, сіздің туған бауырыңыз осы дерттен көз жұмған екен.
Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың басқарма төрағасы Абай Байгенжин:
– Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары медицина саласы қарқынды түрде дамып келеді. Еліміздің бас шаһарында орналасқан "Úmіt" томотерапия және ядролық медицина орталығы биыл 1 қаңтардан бастап онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды қабылдады. Бірегей орталыққа бір емес, екі томотерапия аппаратын сатып алдық. Жаңа технология болғандықтан, өте қымбат тұрады. 11 млн долларға екі машина сатып алдық. Бір аппарат кибер-пышақ, гамма-пышақ, компьютерлік томограф және сызықтық жылдамдық сынды бірнеше қызметті атқара алады. Мидың қатерлі ісігінен бастап қатерлі істіктің басқа түрлерін де емдеуге болады. Ең бастысы – томотерапия обырдың кез келген түрін 95-100 пайызға емдеуге болатынына кепілдік береді. Тек ауру асқынған төртінші кезең кезінде емдеуге көп уақыт кетуі мүмкін.
Химиотерапия атымен болмайды
Бұл аппараттың бірегейлігі – бір рет кіргеннің өзіне 135 см қашықтыққа жетеді. Осы кеңістіктегі барлық жер қамтылып, қатерлі ісік жасушалары бірден күйдіріледі. Бүгінге дейін шығарылған бірде-бір машина мұндай функцияға ие болған емес. Жалпы, томотерапия мен химиотерапия баламалы емдеу тәсілі. Біздің орталықта химиотерапия атымен болмайды.
Бұл қондырғылардың мүмкіншілігі зор. 24 сағатта 200-дей науқасты емдей алады. Бұл машинаның ерекшелігі – басқа сызықтық үдеткіштерге қарағанда фотонмен емдейді. Осы фотон сәулелері ісікті күйдіріп жібереді. Кез келген ісікті. Бір ерекшелігі – жаңадан енді өсіп келе жатқан ісіктерді ғана күйдіреді. Яғни сау жасушаларды зақымдамайды. Ең көп дегенде 7-8 сеанста қатерлі ісіктің көзін жоюға қабілетті. Бұл дегеніміз – пышақтың астында жатуға тура келмейді.
Туған әпкем рактан көз жұмды
Иә, бірнеше жыл бұрын менің туған әпкем қатерлі ісіктен қайтыс болды. Өзім дәрігер бола тұра, оны аман алып қала алмадым. Осыдан кейін жаңа технологияларды іздей бастадым. Сөйтіп томотерапия деген технологияның барын білдім. Томотерапия деген не? Бұл – фотондық сәулеге негізделген емдеу түрі. Фотон сау жасушаларды зақымдамайды. Томотерапияның артықшылығы осында. Фотон двигательдің көмегімен оталады, сол уақытта оның жылдамдығы жарықтың жылдамдығына жетеді. Арнайы платиналық жапырақтардың көмегімен сәуле қатерлі ісікке бағытталып күйдіреді.
Орта Азияда теңдесі жоқ
– Анар Серікқызы, бүгінде рак, қатерлі ісік, обыр – бұл үкім емес, диагноз екеніне көзіміз жетті. Өзіңіз басқарып отырған бұл орталықта осы уақытқа дейін радиосәулелік емдеу құрылғысының немесе операцияның көмегімен емделмей келген обыр түрлерін емдеп-жазуға болады. Алайда мұндай дертке шалдыққан мыңдаған қазақстандық үшін бұл ақылы ма, әлде тегін бе?
"Úmіt" томотерапия орталығының медициналық директоры Анар Қыстаубаева:
– Сіз білесіз, бүгінгі күні Қазақстанда онкология саласына жеке инвестициялар тартыла бастағанына көп болған жоқ. Осыған дейін тек мемлекеттік қаражат есебінен қолдау тауып келген болатын. Мемлекетің көмегімен жоғары технологиялық әдістерді енгізу ірі бағдарламаларды қажет етеді. Ол ұзақ қарастырылады. Ал жеке инвестициялар үшін ең тиімдісі – қондырғыларды алып іске қосу және қаржы құю арқылы оны жетілдіру. Кейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы да дамытуға болады.
Шетелдіктер Қазақстанға келіп емделуде
Біздің орталықтың Орта Азияда теңдесі жоқ. Яғни біздің елде мұндай орталық еш жерде жоқ. Біз ақылы да, тегін де емдейміз. Халықтың белгілі бір тобына емделу тегін. Мемлекеттік тапсырыспен де жұмыс істейміз. Яғни мемлекет тарапынан арнайы квота бөлінеді.
Бірден екі аппарат орналастырылған мұндай медорталық әлемде өте аз. Америка Құрама Штаттарының азаматы Астанаға келіп, бізде емделіп жатыр. Себебі АҚШ-та бұл өте қымбат. Олардың медициналық сақтандыруы сәулелі терапия шығынын толығымен өтейді. Шетелдік науқастар Қазақстанда осындай орталық бар екенін естіп, өздері іздеп келуде.
Бір пациентті емдеу үшін 6-10 дәрігер жұмыс істейді
Біздің емдеу машинамызда басқа ешбір құрылғыларда жоқ мүмкіндік бар. Томотерапия дегеніміз – бұл сәулелі терапия. Жаңа сызықтық үдеткіш машинасының негізінде сәулелі терапияның сеансы өткізіледі. Бұл өте заманауи қондырғы. Сәулемен емдеудің спираль тәріздес (шиыршықты) тәсілі. Мәселен, бұрын тек қандай да бір бұрыштарды ғана сәулелендіруге қауқарлы болса, ал бұл үдеткіш өзінің өсінде, яғни адамның жанында кез келген ракурстан барлық нүктені қамтып, толығымен сәулелендіре алады. Әлбетте, бұл өте қымбат тұратын ем процедурасы. Себебі сол құрылғыдан басқа материалдар шығыны бар. Оған қоса медперсоналдарды, мамандарды арнайы шетелде оқытамыз.
Бізде радияциялық онкологтар, медициналық физиктер және операторлардан тұратын команда жұмыс істейді. Бір пациентті емдеу үшін 6-10 жоғары білікті мамандар бірлесе отырып әрекет етеді. Бұл еңбекті көп қажетсінетін әрі шығынды талап ететін ауқымды ем шаралары.
Иә, өзіңіз айтқандай, бұл терапияның заманауи тәсілі. Сол себепті де науқастар көп, сұраныс та жоғары. Жекеменшік сектордың дамып жатқаны қуантады біздерді. 2019 жылдың қаңтар айында ең алғашқы пациенттерді қабылдадық.
Еңсесі түскен адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ғимарат
– Борис Викторович, 15 жылдық дәрігерлік тәжірибеңіз бар. Ал рентгенология бөлімінде 10 жыл болыпты қызмет етіп келгеніңізге. Оқырмандарымыз үшін өте маңызды, бұл орталықтың өзге онкологиялық емханалардан айырмашылығы мен ерекшелігін айтып берсеңіз?
1 санаттағы дәрігер-рентгенолог Борис Цой:
– Біздің орталықтың артықшылығы – нысананы сәулелендіру кезінде жоғары дәлдікті қамтамасыз етеді. Яғни томотерапия ісіктің өзіне көзделіп дәл жетуіне мүмкіндік береді. Бір сеанс кезінде адамға әлдеқайда тиімді әсер етуге болады. Кеселдің зардабы дененің басқа жерлеріне де таралған жағдайда бір мезгілде қатерлі ісікті де, метастазды да сәулелендіруге болады. 130-135 см қашықтықтағы патологиялық көрсеткішті сәулемен емдей аламыз. Осы медициналық аппараттың арқасында сәулелі терапияны тиісті жеріне дейін жеткіземіз. Дененің сау бөлігіне ешқандай зақым келтірмейміз.
Аяқ астынан аппарат істен шығуы мүмкін. Ондайда емдеу шарасын тоқтатпаймыз. Бірден екінші аппаратты пайдаланамыз. Емді әрі қарай жалғастыра береміз. Екі бірдей қондырғының болуы келеңсіз жағдайда тығырықтан шығуға мүмкіндік береді.
Қазір бізде емделушілердің басым бөлігі – мемлекет тарапынан бөлінген квотаның иегерлері. Шетелдік пациенттер де бар. Көршілес Ресей мен Қытайдан да өтінімдер келіп түсуде.
Егер сіз еліміздің басқа да онкоорталықтарында болсаңыз, байқаған боларсыз, ғимараттарының іші күреңсіз, көңілсіз күйге бөлейді. Ал біздің "Үміт" орталығымыз еңсесі түскен адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтындай етіп салынған. Яғни басшылық ғимараттың ішкі көрінісіне де аса мән беріп, тыныштық жағдайды қамтамасыз етуге тырысты.
"Дерттен айығамын" деген үмітін ақтау үшін тынбай еңбек етеміз
Бізге пациенттер нақты диагнозы қойылған, қатерлі ісік ауруына шалдыққанын біліп келеді. Мақсаттары айқын – "ем аламын, жазыламын" деген үмітпен келеді. Біз олардың үмітін ақтау үшін тынбай еңбек етеміз. Әлбетте, тез эмоцияға берілетін әлсіз жандар да болады. Бірақ біз кәсіби мамандар болғандықтан, ол қиындықтан да бірге шығуға тырысамыз.
Менің 15 жылдық дәрігерлік тәжірибем бар. Ал дәл рентгенология бөлімінде 10 жыл болды қызмет етіп келемін.
Бұл өзіңіз көріп отырғандай, бекіткіш құрылғылар. Бізде әр адамның осындай жеке киетін құрылғылары болады. Есімдері, фамилиялары жазылған. Бір адам пайдаланғанды екінші рет қолданбаймыз.
Әр пациенттің басқа және мойынға арналған маскасы болады. Сәйкестендіріліп жасалады. Бұны науқас аппаратқа жатқызылатын кезде киеді.
Медициналық аппарат тұрған емдеу бөлмесі максималды түрде пациенттің өзін ыңғайлы, жайлы сезінуіне баса көңіл бөлінген. Жабырқаңқы, түнеріңкі емес, жарқын көңіл сыйлау көзделген.
Бұл – онкология. Жәй ауру емес
– Дәулет Қуатбекұлы, онколог ретінде айтыңызшы, Сіздің алдыңызға қатерлі ісікпен ауыратын науқас келді делік. Тікелей сіздің емдеу шараңыз неден басталады? Көпшілікке түсінікті болу үшін, осы процестің қыр-сырын саралап айтып берсеңіз?
– Науқас бірінші маған келеді. Біз егжей-тегжейлі әңгімелесеміз. Мен ісіктің қай жерде орналасқанын көремін. Мысалы, ісік адамның өкпесінде тұр делік. Ол онкоорталықта түсірілген рентген кескінін маған көрсетеді. Соған қарап ауру ошағын анықтап аламыз. Кейін бірнеше сараптамалық анализдер жасаймыз. Біздің орталықтағы аппарат арқылы науқасты жан-жақты зерттейміз. Сөйтіп, сәулелендіру ошағын белгілеп аламыз.
Әлем елдерінің озық стандарттарын басшылыққа ала отырып жұмыс істейміз. Қосымша еуропалық стандарттарды да пайдаланып, шетелдік әріптестерден қалыс қалмауға тырысамыз.
Содан кейін түсірілген кескіндер маған, яғни дәстүрлі онкологқа келіп түседі. Нақты қандай ісікті сәулелендіру қажет екенін нақтылаймын. Әрі қарай медициналық физиктер іске кіріседі.
Мәселен, маған 50 грей керек дейік. Грей дегеніміз – жұтылған дозаның өлшем бірлігі. Ағзаға беретін энергия мөлшері, сәулелену дозасын ошаққа жібереміз. Аппаратқа бірінші пациент жатқызылмайды, муляж, яғни нақпішін қойылады. Бұл сондай арнайы фантом. Оны қосып, тексеріп аламыз. Қандай доза берілді және қателіктер жоқ па деп. Себебі, науқасқа қандай да зияны тимеуі керек. Бәрін жіті қадағалауға міндеттімін.
Өзім жайлы айтатын болсам, еңбек жолымды 2014 жылы Семей қаласында Онкология орталығынан бастадым. Радиология бөлімінде онколог болып қызмет еттім. Мемлекеттік медицина университетін тәмамдадым. Өте мықты ұстаздар маған бағыт-бағдар берді. Онда өз ісінің хас шеберлері жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы шетелге барып оқып келдім. Польша, Чехия елдерінде кәсіби біліктілігімді арттырдым. Халықаралық тәжірибелерді сараладым. Үнемі халықаралық конференцияларға қатысып, баяндама жасаймын. Күні кеше ғана Томотерапия орталығының съезі өтті. Басшылық менің барғанымды құп көрді. Ұжымның атынан доктор-профессор, физиктер болып бірлесіп ғылыми баяндама әзірледік. Соны мен съезде көпшілік алдында таныстырдым. Осындай мүмкіндік бергені үшін басшылыққа алғысымды білдіремін.
Бұйрық шықты: МРТ және КТ қазақстандықтар үшін тегін
"Үміт" орталығын Қазақстан бойынша ең мықтысы деп санаймын. Бұл жерде жұмыс істеу мен үшін зор мәртебе. Наурыз айынан бастап менің алдыма 100-ден астам пациент келді. Қиындықтар да болып тұрады. Бұл – онкология. Жәй ауру емес. Күнде науқастар келеді. Сөйлесеміз. Жарты сағат, кейде бір сағаттай сөйлесіп қаламыз. Өйткені ең маңыздысы – емделушілермен сөйлесу керек. Шағымдарын естіп, ескереміз. Әртүрлі қиын жағдайлар болады. Кейбіреулерінің үй шаруашылығында проблемалар болады. Келіп соны маған айтады. Бірге отырып шешеміз. Мақсатым – қолдан келгенше онкологиялық ауруларды тиімді емдеу арқылы, науқастардың сауығып кетуіне өз үлесімді қосу. Қазақстандық медицинаға деген халықтың сенімін арттыру.
Түсінікті тілмен айтатын болсам, томотерапия – бұл сәулелі терапияның аппараты. Сызықтық үдеткіштер аппараты мен гамма аппарат болады. Гамма аппарат 1940 жылдары пайда болды. Яғни Кеңес одағы кезінен бастап қолданылып келеді. Жыл сайын ұялы телефондардың су жаңа түрлері шығады. Сол сияқты заман талабына сай жаңа аппараттар, яғни үдеткіштер қолданысқа енгізіледі. Мәселен, ескі гамма аппаратының кемшін тұстары жетерлік, емдеу кезінде тиімділігі төмен десек болады. Ал сызықтық үдеткіш аппаратында генератор бар. Яғни машина фотондарды түрлендіреді. Фотондар болса, ісік жасушаларына тікелей әсер етеді. Осылайша сәулелендіру арқылы ісікті емдейді. Бұл кіші де, үлкен де ісікті емдеуге қауқарлы.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жылына 36 мың адам онкологиялық ауруға шалдығады екен. Бұл орайда кешенді жұмыстар ғана нәтиже береді деп ойлаймын. Мемлекеттің қолдауымен жыл сайын тегін скринингтер ұйымдастырылады. Жуырда ғана ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа бұйрық шығарды. Министрдің бұйрығымен МРТ және КТ, яғни компьютерлік томография диагностикасы бүкіл қазақстандықтарға тегін болатын болды. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай үлкен демеу.
– Арнайы уақыт бөліп сұхбат бергендеріңіз үшін сіздерге көп рахмет! Игі істеріңіз оңынан болсын!