"Есеп бергенде бәрі әдемі". Депутат спорт министрлігін сынады

13 Қараша 2024, 12:01
354
Бөлісу:
"Есеп бергенде бәрі әдемі". Депутат спорт министрлігін сынады
Фото: Олжас Адай

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров ұлттық спортқа көңіл бөлінбей отырғанын айтып, спорт министрлігін сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Туризм және спорт министрлігінің ұлттық спортты дамытуға деген құлшынысын көріп отырған жоқпыз. Сіздер берген ақпаратта Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 2023 жылы кәсіби спортқа 22,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Ал ұлттық спорт түрлеріне 856 млн теңге бөлінген. Яғни бұл барлық қаражаттың 3,7%-ы. Екі қаржының арасы жер мен көктей, - деді депутат.

Қожаназаровтың сөзінше, қазіргі күні бұл ұлттық спорт қауымдастығында 10 федерация болса, оның айналасында 500 мыңға жуық спортшы, миллиондаған жанкүйер бар.

Есеп бергенде бәрі әдемі, ақша бөлініп жатыр. Бірақ салыстырмалы түрде қарасақ, біз өз еліміздің дәстүрлі ойындарына келгенде “өй, ауылдың жігіттеріне осы да жарайды” деген теріс көзқарас танытамыз. Дұрыс, ауылдың жігіттері көкпарды, асықты, садақ атуды тап қазір қолдамай қойсақ та ойнай береді. Бірақ біз бұл жерде халықаралық деңгей туралы айтып отырмыз. Айналаға қараңыздар, қазір әр мемлекет өзінің ұлттық ойындарына ерекше көңіл бөледі. Жоқтан бар жасайды. Біз бар дүниені ұқсата алмаймыз, - дейді ол.

Қожаназаров биыл шулап жүріп депутаттар спорттық бағыттағы отандық ат тұқымдарын дамыту туралы заң жобасын қабылдағанын айтты. Қожаназаров ол кезде де министрліктің нақты ұстанымын көрмегенін айтты.

Қашан ұлттық спортты бардым-келдім емес, жүйелі түрде дамытуға басымдық береміз? Бұған министрліктің жүйелі жоспары бар ма? - деп сұрады депутат Айдарбек Қожаназаров.

Өзгелердің жаңалығы