Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Карантин режимін бұзушылардың бəрін бірдей ұстау міндет емес, деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында.
Біздің қызметкерлер азаматтармен күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Карантин нормаларын бұзғандарға ғана шара қолданамыз. Қазіргі кезде медициналық маска тағу-тақпау бойынша көптеген сұрақ түсуде. Масканы тағу керек. Өйткені, сіз вирустық инфекцияны тасымалдап немесе жұқтырып алуыңыз мүмкін. Егер азамат ауырғанын біле тұра, маска тақпай, өзгелерге жұқтырса, ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған,-деді департамент басшысы.
Ержан Сәденов ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды сұрайды.
Төтенше жағдай кезінде екі бала терезеден құлап кетіп, өкінішке қарай бірі мерт болды. Бұдан басқа, кешкі жəне түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері көбейді.Карантинде үйде отыру қиын екенін түсінеміз, сонда да сіздерден сағат 23.00-ден кейін тыныштықты сақтауды сұраймыз. Мұның терезеден жəне балконнан əн айтуға да қатысы бар. Тыныштықты бұзғандар əкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін (ҚР ƏҚБтК 437-бабы). Осы жағдайды пайдалана отырып, Сіздерден үйде болуды, заңға бағынуды, ресми ақпаратқа ғана сенуді сұраймын,-деді ол.