Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Берлинге жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Сапар аясында арнаулы өкіл Федералды Президент Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілдерімен және Бундестаг депутаттарымен келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Нұр-Сұлтан мен Берлин арасындағы экономикалық қатынастардың ауқымын кеңейту, оның ішінде төмен көміртекті даму және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мемлекет басшысының арнаулы өкілі Бундестаг депутаттарымен өткен дөңгелек үстелге қатысты. Ержан Қазыхан өз сөзінде неміс парламентарилеріне Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктері туралы мәлімет беріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ Ержан Қазыхан «Қазақстан демократияны күшейтуге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді институционалдық реформаларды іске асыруда» – деп атап өтті.
Өз кезегінде, «Германия – Орталық Азия» парламенттік достық тобының төрағасы Манфред Грунд Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңілі толатынын айтып, жаңадан сайланған неміс депутаттарының екіжақты байланыстарды кеңейту үшін әрі қарай күш салуға дайын екенін жеткізді.
Сапар аясында Ержан Қазыхан Берлин Еуразиялық Клубының «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – жетістіктер, мақсаттар мен сын-қатерлер» атты тақырыпта өткізген 33-отырысында сөз сөйледі. Жиынға Қазақстан мен Германияның үкіметтік және іскерлік орталарының, салалық және өңірлік бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, жетекші герман компанияларының басшылары қатысты.
Берлин Еуразиялық Клубының отырысы коронавирус пандемиясының экономиканың дамуына кері әсерін азайту және бизнесті қолдау, сондай-ақ сауда-экономикалық ықпалдастықтың жаңа бағыттарын әзірлеу жөніндегі екі елдің күш-жігерін жұмылдыруға арналды.
Іс-шараға қатысушылар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға, инфрақұрылымды дамытуға, мемлекет пен инвесторлар арасындағы ашық диалог пен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған шетелдік инвестицияларды тарту және қазақстандық экспортты қолдау үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат туралы егжей-тегжейлі хабардар болды. Өз кезегінде, неміс үкіметінің өкілдері Қазақстанның Германия үшін Орталық Азиядағы басты серіктес ретіндегі ерекше рөліне назар аударды.
Іс-шара аясында Ержан Қазыхан неміс компанияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Бұл кездесулер шеңберінде әріптестікті дамыту және энергетика, ЖЭК-ті пайдалану, өнеркәсіпті цифрландыру және автоматтандыру саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстанның Германиядағы елшілігі ұйымдастырған салтанатты қабылдау өтті.