Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы және Зайсан-Ертіс балық инспекциясымен келіссөздер нәтижесінде, сазан шабақтарын Сібір бекіресіне ауыстырып, Қара Ертіс өзеніне жіберу ұсынылды, деп тік хабарлайды BAQ.KZ.
«Қалбатау-Мақапшағай 906-1321 км» республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жобасының бас мердігері «Қытай Синьсинь құрылыс және даму компаниясының» Қазақстандағы филиалы жол құрылысы кезінде балық қорының тепе-теңдігі бұзылуы мүмкін екендігін ескеріп, балықтың орнын толтыру шараларын қарастырған.
Жобаға сәйкес сазан шабақтарын орналастыру жоспарланып отыр.
1960 жылдардың басына дейін Сібір бекіресі уылдырық шашатын орын Қара Ертіс өзені болған. Уылдырық шашатын жолында көптеген гидротехникалық нысандардың салынуына байланысты бұл жол жабылып қалған. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында осындай шешім қабылданды, - делінген хабарламада.
2012 жылдан бастап Зайсан көлі мен Ертіс өзеніне бірнеше рет бекіре жіберілген. Осы жолы 350 балық жіберілді.