Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің металлургтері Астана атауының Нұр-Сұлтан деп ауыстыру шешімін қолдау мақсатында акция өткізді. Шараға 600-ден астам жұмысшы қатысып, азаматтық позицияларын білдірді.
Еске салсақ, Қазақстан электролиз зауыты – елімізде бастапқы алюминий шығаратын жалғыз кәсіпорын. Бүгінде отандық металлургияның көшбасшысы атанған зауыт осыдан 10 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарабаевтың қолдауымен ашылды. Қазіргі уақытта павлодарлық компания әлемдегі қуатты металл өндіретін 200 алпауыттың үздік ондығына кіреді. Бір жылдың ішінде 250 мың тонна сапалы алюминий шығарылады. Өнімнің басым бөлігі сыртқы нарыққа, яғни, Ресей, Белорусь, Украина, Өзбекстан және Еуропа елдеріне тасымалданады.
Зауыттағы жастар кеңесінің белсендісі Қанат Ескендіровтің айтуынша, Ертіс жерінде сайын далада алып зауыттың бой көтеруі – бірінші кезекте Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы. Сондықтан, әр жұмысшы жас Елбасының дана шешімі мен сарабдал саясатын қолдайды.
«Металлург мамандығын таңдағаныма ризамын. Бүгінде зауытта 2500-ден астам маман еңбек етеді. Оның 60%-дан астамы – жастар. Жастар қауымы үшін әлеуметтік қолдау жетерлік. Мәселен, мен жуырда пәтерлі болдым. Кәсіпорынның тұрғын үй бағдарламасына қатыстым. Енді өз шаңырағым, сүйікті жұмысым бар. Бұл шынайы бақыт деп ойлаймын. Елбасымызға алғыс білдіре отырып, Астана қаласының Нұр-Сұлтан деп өзгеруін құптаймын», - дейді Қанат Ескендіров.
Қолдау шарасы Павлодар мұнай-химия зауытында да ұйымдастырылды. Мұнайшылар қауымы Астана атауының өзгеруін тарихи шешімге балайды. Шараға 700-ге жуық жұмысшы қатысып, Нұр-Сұлтан атауы Тұңғыш Президентімізге көрсетілген сый-құрметтің белгісі екенін жеткізді.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы ерен еңбегін кішкентай сәбиден еңкейген қарияға дейін біледі. Елбасының арқасында Қазақ елі өзге мемлекеттермен иық тірестірді, әлемнің алпауыт елдері біздің елмен санасатын жағдайға жеттік», - дейді Павлодар мұнай-химия зауытының департамент директоры Саятай Әліпбаев.
Айта кетейік, зауыт бүгінде жаңғыртудан өтіп, экологиялық талаптарға сай Еуро-4 стандартты бензин мен әуекеросинін шығарады. Қазіргі таңда ішкі нарықтың ашық түсті мұнай сұрыптарына деген сұранысы 9,5 млн тоннаны құрайды. Олардың қатарында дизель отыны, әуекеросині мен бензин бар.