Ертіс өңіріндегі құс фабрикасы жабылып қалуы мүмкін

15 Наурыз 2023, 13:12
1172
Бөлісу:
Ертіс өңіріндегі құс фабрикасы жабылып қалуы мүмкін
Фото: eksis.ru

Ертіс өңірінде тағы бір құс фабрикасы жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Павлодар ауданына қарасты Жетекші ауылындағы күркетауық етін шығаратын фабрика бірнеше жыл бұрын ашылды. Қазіргі уақытта 150-ден астам тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынды ашуға 3 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйылған. Сапалы өнім еліміздің барлық облыстары мен шақын шет елдерге тасымалданады.

Фабрика директоры Ербол Досыбаевтың айтуынша, кәсіпорынды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бүгінде бір жылда сегіз мың тонна ет шығара алады.  Тек мемлекет тарапынан қолдау қажет. 

«Бізге өндірісті субсидиялау бойынша қолдау қажет. Субсидия болмаса, кәсіпорын тоқтап қалады. Күркетауық еті бүгінгі таңда сұранысқа ие. Ал өндіріс шығындары көп. Мәселен, жем-азық шығаратын орынды күшейту керек. Құс ұстау орындарын да көбейті керек. Бұл бағыттарды дамытуға жеке қаражатымыз жетпеуі мүмкін. Қолдау тезірек көрсетілсе, жарты шылдың ішінде нәтижеге қол жеткіземіз. Субсидия ауадай қажет. Болмаса, фабрика дамымай қалады. Осылайша, тұтынушыларымыз өнімнен құр қалады», - дейді Ербол Досыбаев.

Жаңа ережеге сәйкес мемлекет тарапынан қаржылай көмек алуға болады. Бірақ, фабриканың жылдық өндірістік қуаттылығы 20 мың тоннадан асуы қажет. Бұл шартты кәсіпорын орындауға қауқарсыз. Сондықтан, кәсіпорын құс еті бағасын арзандатуға арналған субсидия алуға ғана құқылы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Қайырболат Байсариновтың айтуынша, екі жыл бұрын бұл фабрика асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша 100 млн. теңге көлемінде көмек алды. Ал 2022 жылы 150 млн. теңге көлемінде субсидия берілді. Тарқатып айтсақ, өнімнің бір келісіне 200 теңгеден есептелді. 

«Инвестициялық субсидиялау төлқұжаттарына сәйкес өнімділік көлемі 20 мың тоннадан асуы керек. Сондықтан, бұл кәсіпорын қуаттылығын арттыру қажет. Субсидиялау бағдарламасының әкімшісі – салалық министрлік. 2023 жылы күркетауық еті субсидиялау бағдарламасынан алынып тасталды», - дейді Қайырболат Байсаринов.

Айта кетейік, бір жыл бұрын тауық етін шығаратын фабрика жабылып қалды. Тағы бір фабриканың жағдайы мүшкіл. Бүгінде қос кәсіпорынға  иелік ететін азамат нысандарды сатылымға қойды.

Өзгелердің жаңалығы