Павлодар облысында көктемгі дала жұмыстары бұрынғыдан кештеу аяқталады, себебі, топырақтың ылғалдылығы жоғары болған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Мамандардың айтуынша, дала жұмыстары маусым айының алғашқы онкүндігіне дейін созылады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Ерғанат Әубәкірдің мәліметінше, осы уақытқа дейін 570 гектарлық алқапқа тұқым себілді. Бұл - ауыл шаруашылығы дақылдары қамтитын жердің 39%-ы.
Көктемгі дала жұмыстарын кеш бастауға ауа райының қолайсыздығы себеп. Жауын-шашын мол түскендіктен, ылғалдылық жер жырту шаралары мен өзге де агротехникалық жұмыстарды жүргізуге кедергі келтірді. Өткен жылы сәуір және мамыр айлары ыстық болғаны мәлім. Ал осы жылы жаңбырлы күндер көп болды. Топырақтың салқындығы да әсерін тигізді, - дейді Ерғанат Әубәкір.
Облысты егін алқаптарының көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар атқарылуда. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы 1 657 мың гектер жерге себіледі. Майлы және мал азығы өсімдіктерін арттыру есебінен бқл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға көп.
Айта кетейік, өткен жылы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несие төлеу мерзімі бір жылға шегерілді. Сонымен қатар, фермерлерге субсидия алуға байланысты түскен өтінімдерге сәйкес жеңілдіктер жасалады. Былтыр астық және майлы дақылдарға тиесілі 159 мың гектар жер есептен шығарылды.
Егістіктегі жұмыстарға шаруаларға 25,7 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлінген. Осы күнге дейін бұл көлемнің жартысы тасымалданып үлгерді.
Мамандардың сөзіне сенсек, биыл тұқым және жанар-жағармай тапшылығы болмайды.