Ертіс өңірінде көктемгі дала жұмыстары мамыр айында басталады

9 Наурыз 2020, 16:11
2325
Бөлісу:
Ертіс өңірінде көктемгі дала жұмыстары мамыр айында басталады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып кетті. Ғалымдардың болжамынша, алғашқы тракторлар егін алқаптарына мамын айының басында шығады. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Байболат Рақымжановтың хабарлауынша, алдымен ылғал тоқтату жұмыстары басталады. Кейін көктемгі дала жұмыстарына жерлер дайындалады. Қазіргі уақытта дихандарға арналған жеңілдетілген жанар-жағармай көлемі анықталды. 

Осы жылы өңірдегі егістік көлемі 1 млн 480 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға көп. 

Былтырғы жылы жеңілдетілген бағамен 18 мың 600 тонна жанар-жағармай бөлінді. Ал биылғы жылы 19 мың 100 тонна көлемінде болмақ. Қазіргі таңда дизель отынын тасымалдайтын төрт оператор кәсіпорын анықталды. Отынның бағасы 168 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, машина-трактор паркі дайындалып жатыр. Әзірге 93%-ы дайын. Көктемгі дала науқанына түрлі модификациядағы 11 мыңнан астам траткор, 8 мың борон, 2 мыңға жуық соқа, 4 мыңнан астам тұқым сепкіш пен 200-ге жуық тұқым сепкіш кешені жұмылдырылады, - дейді Байболат Рақымжанов. 

Мал шаруашылығын азықпен қамту мақсатында жем-шөп егілетін алқаптар көлемі 140 мың гектарға ұлғайды. 

Сәуір айының басында картоп пен май дақылдары егілмек. Ал мамыр айында құнарлы топыраққа астық тұқымы себіледі деп күтілуде. Осы жылы өсімдік шаруашылығын қаржылай қолдауға мемлекеттік бюджеттен субсидия түрінде 3 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, "Агро бизнес" және "Кең дала" бағдарламалары бойынша да 3 млрд теңге бөлу жоспарланған. 100-ден астам жеңілдетілген несие беріледі деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы