Павлодар облысында егін ору науқаны барысында өртке қарсы сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мамандардың айтуынша, алдын алу шараларының жүргізілуіне қарамастан, өрт қауіпсіздігі кезеңі басталғаннан бері облыс аумағында 139 орман және 148 дала өрті тіркелген. Келтірілген материалдық шығын 90 млн. теңгеге жуықтады. Орман өрттерінің басым бөлігі найзағай жарқылынан туындаған. Ал қызыл жалын шарпыған аумақ 4500 гектардан асты.
Шөп шабу, егін ору кезеңі басталғалы ауыл шаруашылығы техникасы мен мал азығының өртену деректері жиіледі. Мәселен, техниканың қирауы кезінде 11 өрт жағдайы болды. Жуырда Павлодар ауданы Шақар ауылдық аймағының аумағында екі тіркемедегі шөп жанып кетті. Тілсіз жау кейін көршілес аудандарға тарап кетті. Осыған байланысты тиісті шараларды қолға алдық, - дейді облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденов.
Облыс аумағында астық жинау науқаны басталғанға дейін жұмыскерлер арасында өртке қарсы нұсқама жүргізілді. Егін оратын техникада жарқылды болдырмайтын құралдар жұмыс істеп тұру керек. Орман немесе далалық жерлердің аумағында кем дегенде төрт метрлік жолақ жыртылу керек. Ал астық жинау кезінде жанар-жағармай мен техника арнайы алаңда тұруы шарт.
Облыста орман өрттерін болдырмау мақсатында 44 мобильді топ құрылды. Осы күнге дейін қала-ауылдарда мыңнан астам рейд жүргізіліп, олқылыққа жол берген 44 заңбұзушыға қатысты шара қолданылды. Оларға 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.