Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде 96 мыңнан аса оқушыны немесе 98,8 %-ы демалыс, сауықтыру және бос уақытты тиімді ұйымдастырумен қамтылды. Бұл мақсатқа 557,8 млн теңге қаражат бөлінген, деп жазды pavlodarnews.kz
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты."Оның ішінде 305 млн теңге - облыстық және жергілікті бюджет қаражаты, 151,1 млн теңге - демеушілер қаражаты, 101,7 млн теңге - кәсіподақ есебінен. Биылғы жылы Аққулы ауданында демеушілер есебінен қымыз терапиясын енгізу бойынша «Алтын орда», Ақтоғай ауданында «Абай мұрасы», Ертіс ауданында балалар бизнес идеяларын іске асыру бойынша «Mektep business», Успен ауданындағы «Жас сақшы» әскери-дала лагері, Павлодар қаласында «Керемет» сауықтыру, Железин ауданында «Jelezinka camping», Шарбақты ауданында «Мейірімді көрші», Май ауданында «Май жібек жолы» жаңа жобалары іске асырылды", - дейді Дінислам Болатханұлы.
Басқарма ұсынған ақпаратқа сәйкес, жазғы науқан барысында әртүрлі бағыттағы 758 лагерь жұмыс істеген. 48040 оқушының қамтылуымен мектеп жанындағы 324 лагерь, 48756 оқушының қамтылуымен 434 әртүрлі бағыттағы лагерь ұйымдастырылған. Орта және ересек буындағы оқушылар үшін профильді лагерьлер мен отрядтар келесі бағыттар бойынша жұмыс істеді: тілдік, туристік-өлкетану, этномәдени, ІТ, волонтерлік, интеллектуалды, спорттық, экологиялық, шығармашылық және музыкалық.
Сонымен қатар, биылғы жылы 7558 балаға арналған 12 қала сыртындағы балалар лагерін атап өтуге болады. Оның тоғызы – мемлекеттік, үшеуі – жеке меншік. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж 14980, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1272 және 2431 мүмкіндігі шектеулі бала қамтылған.
Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 5 арнайы білім беру мекемесі базасында толық күн болатын 160 балаға 5 мектеп жанындағы лагерь, 288 балаға психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері базасында 12 жазғы алаң іске қосылған.
Балаларды еңбекке баулу мақсатында 5215 жұмыс орны ұсынылған. Оның 2056-сы - бюджет есебінен, 3109-ы - бюджеттен тыс және 90-ы орманшылықтарда.