Ертіс өңірінде аңшылық маусымында көбінесе қоян мен үйрек ауланған

22 Қаңтар 2019, 16:48
3476
Бөлісу:
Ертіс өңірінде аңшылық маусымында көбінесе қоян мен үйрек ауланған

Астана, BAQ.KZ. Павлодар облысында 2018 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың ақпаны аралығындағы аң аулау маусымында аңшылар 54 мыңнан астам аң мен құс аулады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Бұл туралы агенттікке берген сұхбатында Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Ернар Шекеев мәлімдеді.

«15 ақпанда аңшылық маусымы аяқталады. Осы маусымда 120 мыңға жуық аң аулау лимиті бекітілген болатын. Оны төрт аң аулауды жүзеге асыру орталықтары атқарды. Олар әр аңның басына белгіленген қаржыны үкіметке төлеп, басқармамыздан аң аулауға рұқсаттама алады. Содан кейін рұқсаттаманы халыққа таратады. Әрі аң аулауға өздері бақылау жүргізеді. Өздерінен шығынды рұқсаттама бойынша ауланған аңдарды сату арқылы өтейді. Қазіргі уақытта төрт орталықта 54 мыңнан астам аң мен құс аулаған. Сондай-ақ ғылыми бағытта зерттеу жасау үшін 68 бас аң ауланды», - деді Ернар Шекеев.

Бөлім басшысы балық аулау бойынша 150 мың тонна лимит толығымен игерілгенін атап өтті.

«Облыс аумағында тіркелген 54 көлден 150 мың тонна балық ауланды. Ал, құстардан ең көп ауланғаны – үйрек. Лимит көрсеткіші – 70 мыңға жуық болған болса, ауланғаны 30 мың шамасында. Түбітті аңдардың ішінде көбінесе қоян ауланды. Лимит – 14 мың, ауланғаны – 5 мыңнан астам», - деді Ернар Шекеев.

Оның айтуынша, көктем мезгілінде аң аулауға тыйым салынған. Айта кетейік, 2018-2019 аң аулау маусымында аңшылық заң бұзушылық бойынша үш факті, заңсыз балық аулау бойынша бір факті тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы