Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде карантин режимі бәсеңсіп, 7,5 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыстарына кірісіп жатыр.
Бір айға жуық үзілістен соң іске кіріскендердің қатарында шаштараз, техникалық қызмет көрсету орталықтары, тіс емханалары мен шағын дүкендер бар. Сала мамандарының мәліметінше, осы күндері бұл салада еңбек ететін 22 мыңға жуық жұмыстарына қайта кірісті. Аталған бизнес нысандарының жұмысы күндізгі 16.00-ге дейін жалғасады.
Жұмыстарын қайта бастағандардың қатарында ірі тіс емханалары бар. Облыс орталығының мыңдаған тұрғынына қызмет ететін "Стомлайн" емханасы науқастарымен қайта қауышты.
Емдеу мекемесінің басшысы Елена Орлованың айтуынша, ұжымдағы 70 маман жұмыстарына біртіндеп кірісіп жатыр.
Қазіргі уақытта шұғыл емді қажет ететін науқастарды қабылдап жатырмыз. Карантин кезінде 70 маманның жалақысы сақталды. Ұжымды қысқарту болған жоқ. Біз өткен жылы "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алып, құрал-жабдықтарымызды жаңартқан едік. Бұл тұрғыда қолдау көрдік, яғни, несиені өтеу мерзімі шегерілді. Бүгінде дезинфекциялық шараларды күшейттік. Әр науқастан соң 30 минут бойы зарарсзыдандыруды қолға аламыз. Мамандарымыздың барлығы қорғаныс құралдарымен толық қамтылған, - дейді Елена Орлова.
Облыстың бас санитарлық дәрігері Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, жұмыстарын бастаған әр бизнес нысан тазалық талаптарын мүдірмей орындаулары керек.
Айта кетейік, аймақта карантин режимін әлсіретудің үшінші кезеңі үстіміздегі жылдың 11-ші мамырында қолға алынады.
Үшінші кезеңде қоғамдық көліктердің жұмысын қосу жоспарланған. Сонымен қатар, аумағы 500 шаршы метрден асатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыстарын жандандырады. Діни нысандардың жұмысы әірге шектеулі. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты уақытша тоқтап тұр, - дейді Зәмзәгүл Дощанова.
Соңғы мәліметтернге сүйенсек, өңірде 152 адам коронавирустық инфекция жұқтырған.