30 наурызда елдің 17 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Ел аумағында тұман, қатты жел және су тасқыны қаупі жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап.
Күннің жылынуына байланысты бірнеше облыста қар күрт еріп, өзендер арнасынан асуы мүмкін. Абай облысында мұз еріп, өзен деңгейі көтерілуде. Жолдарды су басу және елді мекендерді тасқын алу қаупі жоғары. Ал Павлодар облысында қардың күрт еруіне байланысты тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарын су басуы мүмкін.
Қарағанды облысының Есіл және Талды өзендеріндегі су деңгейі қауіпті межеге жақындады. Төменгі жақта орналасқан ауылдарға қауіп төніп тұр.
Елдің батыс өңірлерінде найзағай ойнап, нөсер жауын күтіледі. Ал солтүстік пен шығыс өңірді қалың тұман басады. Маңғыстау облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында найзағай ойнап, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Ал Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында түнде және таңертең қалың тұман түсіп, көрініс мүмкіндігі шектеледі.
Ауа райының құбылмалы болуына қарамастан, кей өңірлерде құрғақшылық пен өрт қаупі сақталуда. Түркістан, Қызылорда, Жетісу және Қостанай облыстарының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі жарияланды. Ал Жамбыл облысының солтүстік-шығысында шаңды дауыл тұруы мүмкін.