Ерте піскен көкөністер қаншалықты қауіпті? – маман кеңесі

Көкөніс пен жемістің құрамында нитраттардың болуы қалыпты жағдай. Алайда олардың шамадан тыс мөлшері адам ағзасына зиян тигізуі мүмкін.

Бүгiн 2026, 15:28
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 15:28
Бүгiн 2026, 15:28
92
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Көктем шығып, жаз басталысымен базар мен дүкен сөрелерінде ерте піскен көкөніс пен жеміс-жидек көбейеді. Ұзақ қыстан кейін жұртшылық жаңа қияр, қызанақ, редис, құлпынай секілді өнімдерді асыға күтеді. Алайда мамандар мұндай өнімдерді таңдауда сақ болуға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев ерте піскен көкөністер мен жемістер құрамында нитрат мөлшері жоғары болуы мүмкін екенін айтты.

Маман түсіндіруінше, нитраттар – топырақ пен суда табиғи түрде кездесетін азот қосылыстары. Өсімдіктер оларды өсу процесінде пайдаланады. Сондықтан көкөніс пен жемістің құрамында нитраттардың болуы қалыпты жағдай. Алайда олардың шамадан тыс мөлшері адам ағзасына зиян тигізуі мүмкін.

Әсіресе адам ағзасында нитраттар нитриттерге айналған кезде қауіп артады. Бұл қанның оттегін тасымалдау қабілетіне әсер етуі ықтимал. Дәрігерлер мұндай жағдайға балалар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар азаматтар сезімтал келетінін айтады.

Ерте өнімдердің басым бөлігі жылыжайда өсіріледі. Өнімнің тез жетілуі үшін түрлі тыңайтқыштар пайдаланылады. Егер агротехникалық талаптар толық сақталмаса, көкөністерде нитраттардың жиналу қаупі жоғарылайды, - дейді ол.

Қай көкөністер қауіпті?

Оның сөзінше, нитраттардың жоғары мөлшері көбіне жапырақты көкөністерде, редис пен қырыққабатта, ерте қияр мен қызанақта, қызылшада, қарбыз бен қауында кездесуі мүмкін.

Сондай-ақ қарбыз бен қауынның маусымнан ерте сатылымға шығуы олардың жеделдетілген тәсілмен өсірілгенін көрсетуі мүмкін.

Нитраттың шамадан тыс мөлшері немесе пестицид қалдықтары адам денсаулығына кері әсер етеді. Оның алғашқы белгілері:

  • бас ауруы;
  • жүрек айну;
  • құсу;
  • әлсіздік;
  • ас қорыту жүйесінің бұзылуы болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге қаралған жөн.

 Не істеу керек?

Мамандар көкөніс пен жемісті таңдауда мынадай қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді:

  • тым ірі немесе табиғи емес ашық түсті өнімнен сақтану;
  • маусымдық өнімдерді таңдау;
  • өнімді тек дүкен мен ресми базарлардан сатып алу;
  • қажет болса, сапасын растайтын құжаттарды сұрату;
  • тұтынар алдында мұқият жуу;
  • қабығы мен сабағын алып тастау;
  • кей көкөністерді суда жібіту;
  • термиялық өңдеу жүргізу.

Мамандар көкөніс пен жеміс-жидектен толықтай бас тартудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Себебі олар дұрыс тамақтанудың маңызды бөлігі болып саналады. Ал қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау денсаулыққа төнетін тәуекелді азайтуға көмектеседі.

Наверх