Ермекбаев: Арыстағы қару-жарақтар сақталған арсенал жойылады

28 Маусым 2019, 16:53
1978
Бөлісу:
Ермекбаев: Арыстағы қару-жарақтар сақталған арсенал жойылады
Фото: BAQ.KZ

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Арыстықтар бүгін үйіне оралғанымен, кейбір тұрғындардың жарылыс салдарынан алған қорқынышы бойларынан әлі тарай қоймаған. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тұрғындарды тыныштандыру үшін барлық қауіпті оқ-дәрілердің жарылып, қалған қару-жарақтардың басқа қоймаларға таратылатынын айтты.

Қазіргі таңда қаланы әлі де арнайы азаматтық өрт сөндірушілер тазартып жатыр. Себебі, жергілікті жерлерде бөлшектер шашырап кеткендіктен, тазарту жұмыстары тәулік бойы жалғасады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қару-жарақтар сақталған арсенал жойылады. Қазір де жоқ деп айтуға болады. Барлық қауіпті оқ-дәрілер жарылып кетті. Қалған қару-жарақ басқа қоймаларға таратылатын болады. Әскери бөлім көшіріледі деген сұраққа келсек, мұнда арсеналдан басқа тағы бір-екі әскери бөлім бар, бірақ оның оқ дәрі қоймасына қатысы жоқ, сондықтан олар қалдырылуы мүмкін. Себебі,ол бөлімдерде оқ-дәрілер жоқ», - деді Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қоймада болған жарылыстың шығынына есеп те, тергеу де жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қоймада бомба болмаған, ол жалған мәлімет деп атап өтті.

«Келтірілген шығынды нақты айту қиын. Жарылыс болмай тұрғанға дейін қоймадағы барлық заттардың құны әрине аз емес болатын. Бірақ, қазір ең маңызды мәселе - тұрғындардың өмірі мен денсаулығы, олардың қауіпсіздігі. Шығынды есептеуге енді ғана уақыт болып жатыр. Қоймада бомба болмаған, ондай мәлімет жалған. Қоймада тек оқ-дәрілер болды. Ескірген оқ-дәрілер заң бойынша ары кетсе мерзімдері мүмкін 5 пайыз, одан аспады. Сондықтан қоймада ескірген қару болды деп айтуға болмайды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Әрине жауапты және кінәлі қызметкерлер қатаң жауапқа тартылатын болады. Екіншіден, ең зардап шеккендер әскери қызметшілер. Апаттан 2 әскери қызметші қаза тапты. Көп әскери қызметшілердің үйлері жарылып кетті. Олар жарылыс болған күні қашқан жоқ, эвакуация жасады», - деді Н.Ермекбаев.

Адам өлімі үштен де көп болуы мүмкін және де қоймада өте күшті жарылғыш заттар жасырылған деген сауалға Қорғаныс министрі ондай мәліметті жасыру мүмкін еместігін айтты.

«Адам өлімін жасырып қалу мүмкін емес. Әрбір адамның туысқандары, бала-шағасы бар. Қазір ең алдымен тұрғындарға көмек көрсетілуде. Ал әскери қызметшілерге кейінірек бөлеміз. Қоймаларда зымырандар, оқ-дәрілер, боеприпастар, снарядтар, гранаталар болды, бірақ олар бөлініп сақталған. Қаланың өзінде және қойманың сыртында жарылыс болмаған», - деді Қорғаныс министрі.

Айта кетейік, оқиға болған уақытта 24 маусым күні сағат 09.20 бірден сирена берілген. Екінші қосымша сирена бір сағаттың ішінде қайтадан 10.20 беріліпті. Халықтың қаладан шығып кетуіне полиция қызметкерлері белсенді түрде көмектескен.

Өзгелердің жаңалығы