Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисі «Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар» форумын өткізді. Форумды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьёрдь Сабо ашты.
Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі халыққа арнаған Жолдауында полиция институтын сервистік жұмыс моделіне оңтайландыруды тапсырған болатын. Бүгінгі форумда осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқанын талқылайтын боламыз. Реформалаудың негізгі құралы – ішкі істер органдарын модернизациялау бойынша Жол картасы болуы керек. Жол картасы 2019 жылы бекітіліп, екі жылдан бері үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қоғамды да ақпараттандырып отырмыз, - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алғысөз барысында.
Оның айтуынша, Жол картасы полиция құрылымы штаттарын оңтайландыру, қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды арттыру, ведомстволық білім беруді модернизациялау, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы және полиция қызметін бағалаудың жаңа критерийлерін қарастырады.
Осы Жол каратсы аясында біз ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалық офисімен бірлесе отырып, Қарағанды облысында жергілікті полиция қызметіне сервистік жұмыс моделін енгізу бойынша пилоттық жобасын сынауды бастап кеттік. ЕҚЫҰ-мен екі жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Қазір бұл бағыттағы барлық халықаралық трендтерді білеміз және ел азаматтарының қауіпсіздігін ең жоғары деңгейге көтеруге ұмтылудамыз, - деді ол.
Айта кету керек, іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес пен азаматтардың Қазақстанда тұрақты және қауіпсіз қоғамдастық құру жөніндегі күш-жігерін біріктіру.
Шараға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес және БАҚ өкілдері, сонымен қатар онлайн режимде Канада, Ұлыбритания, Франция, Аргентина, АҚШ, Австрия елдерінен сарапшылар қатысты.