Ерлан Қошанов: Пойыз өтіп кеткеннен кейін артынан қол бұлғаудың қажеті жоқ

7 Маусым 2023, 13:34
864
Бөлісу:
Ерлан Қошанов: Пойыз өтіп кеткеннен кейін артынан қол бұлғаудың қажеті жоқ
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Ерлан Қошанов алдағы уақытта Парламент пен Үкімет бірлесе жұмыс атқаруы керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Парламент сессиясының ашылуында әрбір тиынның жұмсалуын Парламенттің бақылауда ұстауының маңыздылығын айрықша атап өткен болатын.

Бүгінгі күні депутаттық корпусқа бюджеттің атқарылуы бойынша жылдық қорытынды есепті тыңдап қана қоймай, барлық жұмысқа жыл бойы мониторинг жүргізіп, бақылауға мүмкіндік беріліп отыр. Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жоғары аудиторлық палата Мәжіліске жылына екі рет есеп береді, - деді Қошанов.

Ол депутаттар болашақта Жоғары аудиторлық палатадан барлық деңгейдегі бюджетті барынша сапалы бақылауды талап етеді.

Бүгін айтылған сыни пікірлер жергілікті бюджеттерге қатысты екенін тағы да атап өтемін. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының жергілікті бюджеттердің атқарылуына да мониторинг пен бақылау жүргізетін құзыреті бар. Қаржы және бюджет комитетінде барлық өңір әкімдерінің бюджеттің орындалуы бойынша есебі екі апта бойы тыңдалды, - деп айтты Мәжіліс төрағасы.

Қошанов аймақтарды аралайтын кезде бұл жұмыс жалғасын табатынын айтты.

Біз тек жылдың аяғында осылай сұрап отырмауымыз керек. Мысалы, жазда, күзде өңірлерге шығамыз. Сол кезде әлеуметтік нысандар, басқа да мәселелер бар, бюджеттің орындалуы қалай жүріп жатқанын қарап отыруымыз керек. Пойыз өтіп кеткеннен кейін артынан қол бұлғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жаңа қаншама фракция сынап жатыр, бірақ қанша сынаса да, өтіп кеткен бюджет қайта орындалмайды ғой, - деп айтты ол.

Ерлан Қошанов Үкіметтің күрделі геосаяси жағдайда жұмыс істегенін де мойындау керегін айтты.

Соған қарамастан бүгін экономикамыз тұрақты дамып, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер орындалып жатыр. Парламент пен Үкімет иық тіресе бірге жұмыс атқарып, алдағы бюджеттерді жоспарлау кезінде бүгінгі айтылған сын-пікірлер ескерілуі қажет, - деп толықтырды Мәжіліс спикері жалпы отырыста.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметтің игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері жыл сайын өзгермейтінін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы