Ерлан Қошанов мектеп формасына қатысты ойын айтты

13 Қыркүйек 2023, 12:49
1426
Бөлісу:
Ерлан Қошанов мектеп формасына қатысты ойын айтты
Фото: gov.kz

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәжілістің кулуарында мектептегі форма мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл мәселеге алуан түрлі пікір айтылып жатыр. Өздеріңіз оны біліп отырсыздар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Конституциямызда, заңымызда оның барлығы көрсетілген. Сондай-ақ Конституциямызда дін бостандығы бар. Діни рәсімін жасаймын деген адамдарға ешбір шектеу жоқ. Бұл туралы ешқандай шектеу жоқ, - деді Мәжіліс спикері.

Қошанов атап өткендей, өзінің діни рәсімдерін атқарамын деген адамдарға, Қазақстан тұрғындарына қай дінді ұстанса да, қай жерге мешіт пе, шіркеу ме, басқа да өзінің діни орталықтарына барып, діни рәсімдерін өткізуге мүмкіндіктері бар.

Мектеп – ол білім ордасы. Ол жерде білім берілуі керек. Менің ойымша, балаларды немесе оқутушыларды басқа мәселеге алаңдатпауымыз қажет. Министрліктің заң бойынша формаға қатысты стандарттары бар. Сол стандарттарды ұстануымыз керек, - деді Мәжіліс спикері.

Қошанов балалар кәмелет жасына толғаннан кейін қандай жолмен жүретінін өздері таңдайтынын айтты.

Журналист Ерлан Қошановтан «Мәжіліс салафизмге ресми түрде қашан тыйым салады?» деп сұрады.

Әрине теріс діни ағымда жүрген, Конституциямызға қайшы әрекет етіп жүрген азаматтарға заң жүзінде тыйым салуымыз керек, - деп жауап берді Мәжіліс төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы