Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Бізде Ресей билігіне қарсы пікір білдірген адамдар сотталады. Алайда ресейліктер бізге қатысты ойына не келсе соны айта береді. Неге олар жауапқа тартылмайды? Біз Ресейге тәуелдіміз бе? Одан қорқамыз ба?» деп сұрады тілші.
Біз Ресейге тәуелді емеспіз. Біз Ресейден қорықпаймыз. Біз терезесі тең, егемен мемлекетпіз. Біріншіден, мұның барлығы заң аясында жүргізіліп жатқан мәселе. Екіншіден, Қазақстанға қарсы сөз айтқан Ресей азаматы болсын, басқа мемлекеттің азаматы болсын, Президенттен бастап Сыртқы істер министрі, депутаттар өз жауаптарын беріп жүр. Оны өздеріңіз естідіңіздер, - деп атап өтті Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айтуынша, телеарналардан, ғаламтордан айтылып жүрген пікірлер Ресейдің ресми мәлімдемесі емес.
Телеарналардан, ғаламтордан айтылып жүрген пікірлер Ресейдің ресми ұстанымы немесе мәлімдемесі емес. Бұл – жекелеген азаматтардың пікірі. Сондықтан біз оларға өзіміздің жауабымызды беріп жүрміз. Ал егер ол жерде біздің тарапымызға қатысты заң бұзушылық болса, Бас прокуратура арқылы Ресейдің Бас прокуратурасына талаптар жолданады, - деді Мәжіліс спикері.
Айта кетерлігі, Ресейдің мемлекеттік телеарнасындағы бағдарламалардың бірінде сарапшы «Ресей үшін Украинадан кейінгі проблема – Қазақстан» деп айтып, ол қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Бұған дейін Мәжіліс төрағасы аталған мәселеге қатысты қажет болса Мәжіліс отырысын өткізетінін айтқаны туралы жазған болатынбыз.