Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары қаржы пирамидаларын жарнамалауға қарсы заң жобасын әзірлейді. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Facebook-тегі парақшасында жазды.
Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Юрий Ли өзінің депутаттық сауалында қаржы пирамидалары қызметіне қатысты өзекті мәселе көтерді. Жақында ғана бәріміз қаржылық алаяқтық әрекеттің тұзағына түскен азаматтардың қандай күйзеліске ұшырайтынының куәсі болдық, – деп жазды Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Мемлекет башысының қаржы пирамидаларына қарсы күрес бойынша тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма бергенін атап өтті.
Бұл жұмысқа депутаттар да белсенді қатысатын болады. Осы орайда Мәжіліс депутаттары аталған қаржылық жүйені ұйымдастырушыларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жаза енгізуді көздейтін жаңа заң жобасын қабылдау жөнінде дер кезінде, орынды бастама көтерді деп есептеймін. Сонымен бірге әртіс, блогер, вайнер немесе басқа да қоғамда өзіндік ықпалы бар азаматтар қаржы пирамидаларының алаяқтық мән-мағынасы бар екенін түсініп тұрып, оны жарнамалайтын болса, жауапкершілікке тартылуы керек. Өйткені кең көлемді жарнамаға жол бермеу арқылы қаржы пирамидаларының қызметін айтарлықтай шектеуге болады, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасының пікірінше, Германия мен Канада сияқты дамыған елдерде мұндай заң бар. Депуттар азаматтарымызды қаржы пирамидаларына қатысты алаяқтық әрекеттерден қорғауы керек.