Ерлан Қарин: Алдымызда жасампаздыққа негізделген мақсат-міндеттер тұр

30 Қыркүйек 2023, 14:25
1457
Бөлісу:
Ерлан Қарин: Алдымызда жасампаздыққа негізделген мақсат-міндеттер тұр
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Жақында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан ҚАРИН Tengrinews.kz порталына елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар жайында сұхбат беріп, өз ойын ортаға салды. BAQ.KZ оқырмандарына сұхбаттың қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынып отырмыз.

– Бұған дейін елімізді дамыту ісінде «алдымен экономика, содан соң саясат» деген ұстанымға баса мән берілді. Бірақ соңғы жылдары саясат бірінші кезекке шыққан сияқты. Жүргізіліп жатқан реформалардың қисыны қандай?

– Менің ойымша, «саясат бірінші кезекке шықты» деп айту дұрыс емес. Мемлекет басшысы әуел бастан барлық саланы жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Әрине, ең алдымен, саясат бірден көзге көрінеді. Өйткені бір жыл ішінде референдум өтті, одан кейін Президент және Парламент сайлаулары болды. Дегенмен, экономикада, әлеуметтік салада және басқа да салаларда ауқымды жұмыстар қатар атқарылып жатыр.

Саяси реформаларға келсек, мұнда өте мазмұнды және жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бастапқы кезде саяси реформалардың төрт топтамасы аясында 20-дан астам заң қабылданып, демократиялық үдерістің тың қарқынмен дамуына жол ашылды. Содан кейін Президенттің наурыздағы Жолдауында саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасы ұсынылды. Оның негізгі ережелері конституциялық реформаға арқау болды.

Референдумның қорытындысына сәйкес Ата заңның үштен бір бөлігі өзгерді. Кейін 7 конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға түзетулер енгізілді. Осылайша, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін мемлекеттік-саяси құрылымның мүлде жаңа үлгісі қалыптасты.

Бұдан бөлек экономикада ауқымды реформалар жүріп жатыр. Жуырдағы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық үлгіге өту қажеттігін айтты. Бұл – экономиканы одан әрі монополиядан арылту және әртараптандыру, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, көлік және логистика саласын, қаржы секторын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікке тұрақты қолдау көрсету деген сөз.

Осы орайда Мемлекет басшысы кез келген саяси және экономикалық реформалар жемісті болуы үшін ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру қажеттігі туралы үнемі айтып жүр. Яғни менталитетімізді, әдетімізді, жүріс-тұрысымызды түбегейлі өзгерту қажет. Президент мұны Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында қадап айтты.

Яғни, Президенттің саясат, экономика, идеология салаларындағы реформаларының логикасы олардың өзара тығыз байланысты, үйлесімді болуында әрі қатар жүруінде екенін байқаймыз. Әрбір жаңа реформа, жаңа бастама бірін-бірі толықтырып, жүйелі түрде іске асырылады. Президент жүргізіп отырған саясаттың барлық бағыты бір арнаға тоғысып, мемлекетті өркендетудің бірыңғай бағдарламасын құрайды.

– Сіз саясат, экономика және идеология саласындағы реформалардың қатар жүруі туралы айттыңыз. Саяси жүйені жаңғырту аяқталды ма әлде тағы да өзгерістер бола ма?

– Жария етілген негізгі стратегиялық бастамалар табысты іске асты. Ең бастысы – биліктің негізгі институттары жаңғыртылды. Бірақ жекелеген бағыттар бойынша жұмыс жалғасуда. Реформа тек реформа жүргізу үшін ғана жасалмайды. Мақсатымыз – бұл емес. Ең алдымен, жүйенің өзі тиімді болуға тиіс.

Мәселен, кейбір сарапшылар: «Егер әкімдерді жаппай сайласақ, барлық мәселе бірден шешіледі», – деп тым қарабайыр тұжырым жасайды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастар, әлеуметтік-мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру сияқты көптеген факторды ескермейді. Түрлі тәуекелдер бар екенін де есепке алмайды. Сол үшін сайлауды біртіндеп енгізу қажет деген байлам жасалды.

Елімізде 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізіліп келеді. Әрбір төртінші кандидат – өзін-өзі ұсынған адам, ал сайланғандардың жартысынан астамы бұрын әкім болып жұмыс істемеген. Осылайша ауыл әкімдерінің құрамы тұрақты түрде жаңарып келеді. Екі жылда шамамен 1700-ге жуық әкім сайланды. Бұл жұмыс бір мезетте іске аспайды, әкімдердің өкілеттігі аяқталған соң біртіндеп жүргізіледі.

2022 жылдан бастап облыстың және республикалық маңызы бар қаланың әкімін тағайындау тәсілі өзгерді. Енді мәслихат депутаттары кем дегенде екі үміткерді қарастырып, көп дауыс алғаны әкім боп тағайындалады.

Биыл, дәл қазіргі таңда, пилоттық режимде аудан және қала әкімдерін сайлау науқаны өтіп жатыр. Қараша айында еліміздегі барлық 17 өңірде тікелей дауыс беру арқылы 42 ауданның және облыстық маңызы бар үш қаланың әкімі сайланады. Бұл жаңа саяси тәжірибе екені сөзсіз. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда осындай ірі аумақтардың басшыларын тұрғындар алғаш рет тікелей сайлайды. Яғни, әр жексенбі сайын белгілі бір өңірде сайлау өткізіліп келеді. Бүгінгі таңда бәсекеге негізделген сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты жағдайға айналды.

Жүзеге асырылып жатқан барлық реформалар мұқият зерделенеді. Біз реформаның барысын талдап, қадағалауды жалғастыра береміз. Жаңа механизмдердің тиімділігін бағалаймыз. Әрине, кейбір нәрселерді біртіндеп түзетіп отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, біз орнықты әрі байыпты тәсілді қолдаймыз.

Мәселен, бір кездері сайлауда партиялық тізім жасақтағанда әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Осы норманы тәжірибеге енгізген соң, бұл категорияның ауқымын кеңейтіп, депутаттық мандатты бөлгенде де осы квотаны ескеру қажеттігін міндеттедік. Соның нәтижесінде, саясатқа жастар көптеп келе бастады.

– Идеология және ішкі саясат туралы сөз болғанда көпшілік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын тілге тиек етеді. Мұндай идеологемалар өмірде қалай іске асады?

– Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын 2019 жылы, яғни президент ретінде қызметке кіріскен кезде ұсынды. Оның мәні мынада – мемлекет елімізді дамытуға қатысты барлық шешімді қоғам пікірін ескере отырып қабылдауы керек. Ата заңға өзгерістер енгізу үшін өткізілген былтырғы референдум және атом электр стансасын салу мәселесі бойынша өткізілетін референдум – соның нақты мысалы.

Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы диалог пен келісім арқылы билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастырды деуге болады. Осы қағидалар Президент ұсынған реформалардың да өзегін құрады.

Айтпақшы, Президент бастапқыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі арқылы, ал қазір барлық өңір мен саланың өкілдерін қамтыған Ұлттық Құрылтай арқылы жұртшылықпен диалогқа тікелей атсалысып отыр. Бұл тұрғыда, Ұлттық Құрылтай ерекше диалог алаңына айналды. Яғни, билік пен қоғам ықпалдастығының бірегей механизмі болып отыр.

Бұдан бөлек, реформаны іске асыру билік пен қоғамның тиімді әріптестігінің нәтижесі деуге болады. Мысалы, саяси реформалардың төрт топтамасы аясындағы барлық бастама Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кеңесе отырып әзірленді. Президенттің саяси жаңғыруға және конституциялық реформаға қатысты бағдарламасында сарапшылар мен қоғам белсенділерінің ұсыныстары ескерілді. Билік пен қоғам осы реформалардың тең авторы деуге болады. Сол себепті референдумда халықтың 77 пайызы жаңа өзгерістерді қолдап дауыс берді. Референдум қорытындысы сын сағатта ұлт болып ұйыса алатындығымызды көрсетті. Бұл ­– бәрінен қымбат. Ал сайлаулардың нәтижесі елді өркендетуге қатысты қоғам мен биліктің арасында ортақ ұстаным бар екенін аңғартты.

Осылайша, Президент ұсынған реформалардың және жалпы мемлекет саясаттың басты идеясы – билік пен қоғамның инклюзивті диалогы арқылы елге пайдасы тиетін тың өзгерістер жасау.

– Идеология саласындағы өзгерістер туралы айтсақ, мынадай сұрақ туындайды: бұл тыйым салуды көздейтін кезекті науқанға айналып кетпей ме?

– Президент Түркістанда сөйлеген сөзінде идеология саласындағы стратегиялық мақсаттарымызды нақты айқындап берді. Яғни, бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеп, орнықтыру. Бүгінгі басты міндет – жұмысты жүйелеу және осы саланы ретке келтіру.

Қазір жұрт арасында түрлі псевдоидеология насихатталып, қоғамға жалған мақсаттар ұсыну сияқты әрекеттердің көбейгені байқалып жүр. Түрлі авантюристер күмәнді, тіпті псевдоғылыми немесе мистикалық идеялар ұсынады. Сол үшін тұтас ұйымдар, сектанттық қозғалыстар құрылып жатыр. Рухани даму идеясын жамылғандар аңқау азаматтардың есебінен ақша тауып жүр. Тіпті кейбіреулері мемлекеттің міндетін атқарғандай болып, өз бетінше түрлі марапат таратуда. Жалған атақтарды сатуға шығарып, бизнес жасап алған.

Тағы бір мәселе бар. Кейбір өңірлерде даңғой бизнесмендер жеке меншіктегі аумақтарға көркемдік құндылығы жоқ ескерткіштер мен монументтер қоя бастады. Ономастика мәселесінде де түйткіл көп. Несін жасырамыз, бір кездері көшелерге, мектептерге, басқа да нысандарға біреудің туысқаны деп көпшілікке белгісіз адамдардың атын берген кездер болған.

Осының бәрі халықтың ашу-ызасын тудырады. Сондықтан біз нақты ереже жасап, оның бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуіміз керек.

Түптеп келгенде, мемлекеттік саясаттың мақсаты – белгілі бір нәрсеге тыйым салу емес, керісінше, әлеуметтік процестерді ретке келтіру, қоғамның жікке бөлінуіне жол бермеу. Біздің өз күн тәртібіміз бар. Соны бағдар етіп ұстауымыз керек.

– Ол қандай күн тәртібі?

– Біріншіден, басты міндет – қоғамды жұмылдыру. Бірлік, ынтымақ, келісім – қоғамның тұтастығын қамтамасыз ететін құндылықтар. Жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі мақсаты – осы. Бұл бізде ғана емес, басқа елдерде де солай. Сондықтан тұтастығымызды бұзуға, қоғамға іріткі салуға бағытталған әрекеттің бәріне қатаң тосқауыл қойылады.

Екіншіден, біз нақты біреуге немесе бір нәрсеге қарсы емеспіз, керісінше, қоғамның игілігі үшін күш жұмылдырамыз. Біздің алдымызда жасампаздыққа негізделген мақсат-міндеттер тұр.

Жасампаздық дегеніміз – қолда бар игілікті еселеу, өсіп-өркендеу. Бұл – болашаққа бағытталған реформаның және жаңғырудың да өзегі. Сондықтан қоғамға ірікті салатын әрекеттерге ғана емес, тіпті агрессивті, қақтығыс тудыратын риторикаға да жол берілмейді.

Үшіншіден, жасампаздық жолымен жүру үшін қоғамның құндылықтар жүйесін қайта құру қажет. Басқа сөзбен айтқанда, егер біз табысты, дамыған ел боламыз десек, қоғамда еңбекқорлық, кәсіпқойлық, білімпаздық, тілектестік, жауапкершілік сияқты қасиеттер барынша дәріптелуі керек. Мемлекет басшысы айтқан қоғамның жаңа этикасы дәл осы құндылықтарға негізделуге тиіс.

Қоғам орынсыз теріске шығару, мәдениетсіздік, тәрбиесіздік, даукестік, масылдық сияқты жағымсыз әдеттерден әбден қажыды. Сондықтан мұнымен түбегейлі айналысатын кез келді. Біз жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Нәтиже бірден болмайтыны түсінікті, өйткені, бұл – өте ұзақ жүретін процесс. Бірақ бұл – аса маңызды әрі керек жұмыс. Оған дереу кірісуіміз қажет.

Береке-бірлігімізді сақтау, елімізді жасампаз істер арқылы дамыту және қоғамның жаңа этикасын қалыптастыру – біздің алдымызда тұрған негізгі міндеттер. Міне, бәріміз осы міндеттерді шешу үшін күш жұмылдыруымыз керек.

Өзгелердің жаңалығы