Ерлан Қарин: Абай атындағы мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз

2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық адамға берілген.

 1 Қараша 2026, 21:15
1 Қараша 2026, 21:15
237

2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың биылғы қорытындысы сыйлықты тағайындау тәртібін қайта қарау қажеттігін көрсетті. Комиссия төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша, ұсынылған туындылардың ешқайсысы комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие болмаған.

Ол конкурсқа қатысқан барлық үміткердің еңбегін құрметтейтінін, алайда мемлекеттік сыйлықтың нақты тұлғаға емес, оның шығармасына берілуі керектігін атап өтті.

«Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деді Ерлан Қарин.

Комиссия төрағасының түсіндіруінше, конкурсқа ұсынылған барлық туынды дауысқа салынған. Алайда дауыс беру нәтижесінде бірде-бір жұмыс комиссия мүшелерінің айқын басым қолдауына ие болмаған. Қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым түскен.

Ол мұндай жағдай конкурс нәтижесінің әртүрлі болуы мүмкін екенін көрсететінін айтып, 2023 жылы Әлихан Бөкейхан емес, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлықтың да лайықты жұмыстар болмағандықтан берілмегенін еске салды.

Сонымен қатар Ерлан Қарин Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты тағайындау жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі талаптар мен тәртіп заман талабына сай жаңартылып, сыйлықтың мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек.

«Мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек», – деді комиссия төрағасы.

Ол әлемдегі беделді Нобель сыйлығын мысалға келтіріп, марапаттың мерейтойға немесе адамның жасына емес, жаңалық пен жаңашылдыққа берілуі керектігін атап өтті.

«Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз», – деді Ерлан Қарин.

Комиссия төрағасының мәліметінше, 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық адамға берілген. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен сыйлықтың қаржылай көлемінің артуы марапатқа ұсынылатын шығармаларға қойылатын талапты да күшейтуі тиіс.

«Беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да осыған лайық болуы шарт», – деп түйіндеді ол.

Наверх