Еркін күрестен өткен республикалық турнирге 600-ге жуық жас спортшы қатысты

26 Қазан 2021, 15:38
3650
Бөлісу:
Еркін күрестен өткен республикалық турнирге 600-ге жуық жас спортшы қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир аяқталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен Республикалық турнир өтті.

Жарысқа еліміздің барлық аймағынан 600-ге жуық спортшы қатысты. Екі күн бойы 6-13 жас аралығындағы жас балуандар боз кілемде белдесті. Жарыс ұлдар арасында 25 салмақта өтті.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының директоры Жандос Үшкемпіров, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Гюзель Манюрова, еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев, еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов қатысып, болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі.

Аталмыш жарыс биыл бірінші рет ұйымдастырылды.

Жалпы командалық есепте 8 алтын жүлдемен Ақмола облысының жасөспірімдері бірінші орынды жеңіп алды.

Екінші орын Алматы облысы. Жетісулықтар еншісінде – 7 алтын.

Үздік үштікті 3 алтын жүлдемен Жамбыл облысы қорытындылады.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер кубок, медаль және алғыс хаттарымен марапатталды.

Республикалық турнир Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Qairat Top team» клубының ұйымдастыруымен өтті.

 


Өзгелердің жаңалығы