"Еркектің әйелдер киімін тіккенін қаламаймын". Этнодизайнер ұлттық сана туралы айтты

16 Сәуір 2024, 17:37
2929
Бөлісу:
"Еркектің әйелдер киімін тіккенін қаламаймын". Этнодизайнер ұлттық сана туралы айтты
Фото: Арман Мухатов - архив

Қазақтың қолөнері - атадан балаға мұра болып қалған құндылықтардың бірі. Қолөнер арқылы баланы жастайынан тәрбиелеуге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елордада жақында Ұлттық музейде екі күнге созылған білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған “Оқу-тәрбие процесінде білім алушылардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыру” атты халықаралық форум өтті.

Халықаралық қолөнершілер академиясының президенті, “Алтын Орда” дизайн үйінің негізін қалаушы, дизайнер Ырза Тұрсынзадамен форумда ұлттық қолөнер тақырыбы аясында әңгімелесуге мүмкіндік туды.

- “Оқу-тәрбие процесінде білім алушылардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыру” атты халықаралық форумы қалай өтті? Форумның мақсаты неде?

Бұл халықаралық форум алғаш рет ұйымдастырылды. Форумға Орталық Азия мемлекеттерінің қолөнершілері ғана емес, сонымен қатар этнодизайнерлер қатысып жатыр. Бұл алғаш рет өткізілгендіктен этнодизайнерлердің алар асуы алда деп ойлаймын.

Қазір нарықты шетелдің брендтері мен трендтері жаулап алды. Енді этнодизайнерлердің басын біріктірген осындай іс-шара - оның алғашқы қадамы. Уақыт өте келе оған әлі талай куә боламыз. Этнодизайнерлер fashion-дизайнерлерді артта қалдырады. Неге дейсіз бе? Себебі ұлттық өнер, төл дүниеміз, төл кәсібіміз – біздің күретамырымыз. 

Бұл жерде ұлттың салт-дәстүрі, ділі, тілі, бәрі сақталған. Мен қазақтың қолөнерін қолға алған шеберлеріне “Сіздер осы қолөнердің шырақшысыздар, сіздер біздің төл мәдениетіміздің шырақшысыздар” деймін. Сондықтан қанша қиындық болса да, түбінде тойған халық тегін іздейді. Міне, өзіміздің түп тамырымызға, төл дүниемізге, төл мәдениетімізге оралып жатырмыз. Бұл тек алғашқы қадамы ғана.

- Елімізде қолөнершілердің жұмысы қаншалықты бағаланып жатыр?

Елімізде қолөнершілер өте көп. Бірақ өкінішке қарай, елімізде қолөнершілердің құны әлі бағаланбады. Топты жарып шыққан 3-4 қана дизайнер бар. Жалпы алтын қолды шеберлеріміз Үкіметтің де назарынан тыс қалып отыр. Оған қоса нарыққа төтеп беру де өте қиын. Себебі жан-жақты қолдау керек.

Ұлтымыздың қолөнерінің түр-түріне, сала-саласына жету өте қиын. Өйткені мен бүкіл әлемді араладым. Әлемнің қолөнерімен таныстым. Қазақтың қолөнері өте күрделі, өте мазмұнды екенін айтқым келеді. Сондықтан оны жаңғыртып, сақтап қалған бірең-сараң ғана қолөнерші бар.

Біз 30 жылдың ішінде ұлттық киімді дәріптеу керегін енді түсініп жатырмыз.

Форумда шеберлік сабақтарында кішкентай қыздарымыз ұршық иірді. Кішкентай қыз бала ұршық иіргенде ол тек қана ұршық иірмейді, ол бүкіл ұлттың санасын иіреді. Бүгінгі кішкентай қыз бала, ертеңгі ұлттың намысы, қоғамның намысы. Ол – адамзатты тәрбиелейтін ертеңгі келін, анамыз, апамыз, әжеміз.

- Қолөнермен бәрі бірдей айналыса ала ма? Қыз, ұл деп бөліп үйрету керек пе?

Қыз балалардың қолөнері мен ер балалардың қолөнері бөлек болуы керек. Осыны айтып келе жатқаныма 15 жылдай болды. Қазір қарап отырсақ, ер балалар әйелдердің киімін тігіп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Нарықтың қойған талабы шығар... Бет таңдамайды, жүз таңдамайды, әйтеуір мал табу. 

Меніңше, ұлттық қолөнерде ер бала қамшы өріп, садақ жасауы керек. Ер бала темірді қайыстыруы қажет. Бізде темірдің шеберлері бар. Олар өздерінің артынан еретін ұл балаларды тәрбиелесе екен. Себебі темірді қайыстырған ұл баланың мінезі де, рухы да асқақ болады. Яғни темір қайыстыратын кішкентай ұл баланың қолына ине беріп, кесте тіккізе алмаймыз. Өкінішке қарай, нарыққа осындай да үрдіс келіп жатыр. Оны бағыттайтын, оны сала-саласына жіктеп бөлетін ұжымдар қажет.

Этнодизайнерлер ой деген осы екен, киім деген осы екен деп, шабыты мен санасы қайда жүргізеді, соның соңында ілесіп жүр. Ал жалпы ұлттық киімнің де өз келбеті бар. Кішкентай қыздың, бойжеткеннің, келіннің, ананың, ененің, апаның, әженің, абыз ананың бас киімі бар, киетін көйлегі бар, тіпті қамзол, кәзекейінің өзінің жас ерекшеліктері бар. Осының барлығын жинап, заманға ілестіріп, ұлттық сананы оятатын кез келді.

- Қазақтың қолөнері бала тәрбиесіне қалай әсер етеді? Ұл балалардың тігін тіккеніне көзқарасыңыз қалай?

Әлемде fashion индустрияда Вячеслав Зайцев, Валентин Юдашкин сияқты тұлғалар болды. Былай қарап отырсақ, олар көшбасшылары болды. Бірақ біздің ұлтымыздың болмысына, ер адамның қолына ине ұстағанын қаламаймын. Ер адамдардың бағзы заманнан бергі айналысатын қолөнері - темірді қайыстырып, шегені бүгу, ат әбзелдерін жасау, тіпті зергерлік бұйымдарды күміспен, алтынмен, жақұт тастармен әзірлеу.

Біз қазақ деген ұлтпыз. Біз жай ғана ұлт емеспіз. Бір уыс болсақ та, әлемнің төрінде өзіміздің төл өнерімізбен орын алатын ұлтпыз. Әлемді аралап, талай дүниені көрдім. Бірақ қазақтың қолөнеріндей сондай күрделі, сондай мазмұнды, сондай рухты дүниені көрген жоқпын. Бұл жерде қазақпын деп мақтанып тұрған жоқпын, тек көргенімді айтып тұрмын. Сол себепті ер азаматтардың өзінің қолөнері бар, қыз баланың өзінің қолөнері бар.

Қолөнер адамды тәрбиелейді. Кішкентай баланы қабырғасы қатпай тұрғанда, мысалы, ұл баланы ұлша, қыз баланы қызша тәрбиелеу керек. Төл қолөнеріміз, кәсібіміз арқылы тәрбиелеуге болады. Атам заманда солай болып келді. Бірақ өкінішке қарай, бәріміз мал табудың табанында жүрміз. Әйтеуір нәпақа болса деп жүрміз. Жоқ, нәпақаның да өз мазмұны бар.

- Ер дизайнер мен қыз дизайнердің жұмысында қандай да бір ерекшеліктер бар ма? Кім шығармашыл келеді?

Өз басым ешқандай айырмашылық байқамадым. Бәлкім, ерекшеліктері бар шығар. Бірақ киім өнерінде этнодизайнерлердің арасында ерекше көзге түсетіні – Айнұр Тұрысбек. Оның жасаған дүниесінде мінез, харизма бар. Ал ол мінезден ұлттың мінезі көрінеді.

Жаһандасудың, алпауыттардың жұтқыншағында кетпеу үшін тек қана өзіміздің ұлттық болмысымызбен ғана төтеп бере аламыз. Ұлттық болмысымызбен ғана жаһандасуға жұтылып кетпейміз.

- Соңғы жылдары ұлттық стильдегі киімдер трендте, сұраныста. Бәрі кигісі келеді, сатып алғысы келеді. Алайда дүкендерде бағасы ұшып тұр. Оны қалай реттеуге болады?

Иә, солай. Ұлттық киімді масс маркетке айналдыру керек. Ұлттық киімді екінің бірінің қолы жететін бағаға айналдыру үшін шикізат бағасын түсіру қажет. Өкінішке қарай, елімізде шикізат өндірілмейді, тіпті ине де, түйме де өндірілмейді. Сол себепті бағаны түсіру үшін оны мемлекеттік деңгейде қолға алу керек.

- Ырза ханым, уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңізге рақмет.

Өзгелердің жаңалығы