Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков елімізде ауруханалардағы санитарлардың жұмысы қиын екенін айтып, оларға жағдай жасау керегін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.
Бүгінде медицина саласында қызметкерлерге қатысты мәселелер өте көп. Әсіресе санитарларға қатысты мәселені атап өткім келеді. Санитар деген қызметті естігенде көбіне еден жуып, шаң сүртумен ғана айналысады деп ойлайды. Бірақ ол кісілердің атқаратын қызметі өте көп. Мысалы, операциялық блокта жұмыс істейтін санитарлар ота біткеннен кейін одан қалған қалдықтарды, адамның ампутацияланған бөлшектерін орап, тиісті қызметке "В" санаттағы қоқыс ретінде тапсырады, - деді депутат.
Оның сөзінше, бүгінге дейін психоэмоционалдық түрдегі ақы тек дәрігерлер мен медбикелерге ғана төленеді. Санитарларға төленбейді.
Хоспистегі санитарлардың атқарып отырған қызметтері тек еден жуып, шаң сүрту ғана емес. Сонымен бірге науқастарды тұрғызу, киіндіру, жуындыру, тамақ ішкізу, ер адамдардың сақалын қыру, төсек тартып жатқан адамдардың тісін жуу, дәретханаға баруға көмектесу, күту сияқты көптеген қызмет осы санитарлардың мойнында. Бірақ бүгінге дейін олардың жалақысы өте төмен. Ал психдиспансердегі, тубдиспансердегі санитарлардың атқарып отырған қызметін айтпаса да болады. Алайда алатын жалақылары 90 мың теңге, - деп айтты Серіков.
Мәжіліс депутаты қосымша ауыл коэффициенті, психоэмоционалды коэффициент санитарларға төленбейтінін атап өтті. Таңсәуле Серіковтің сөзінше, биыл 1 қаңтардан бастап оларға небәрі 3000 теңгеден 6000 теңге аралығында ғана жалақысына ақша қосылған.
Енді қаражаты төмен азаматтардың көңіл-күйі қандай болуы мүмкін? Елімізде 5 мыңға жуық санитар жетіспейді.
1. Осы қызметкерлердің жалақысы кем дегенде 2 есе көтерілсін.
2. Жылына бір рет санаториялық профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама берілсін.
3. Пәтер алу үшін жалақысын ескере отырып, жеңілдетілген несие берілсін.