Еркебай Омарбек: Нағыз шабандоз ауыл баласынан шығады

30 Қыркүйек 2022, 13:23
1335
Бөлісу:
Еркебай Омарбек: Нағыз шабандоз ауыл баласынан шығады
Фото: автордан

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тумасы Еркебай Омарбек 18 жасынан бастап көкпармен айналысады. Әулеттерімен шабандоз атанған Омарбековтер қазақтың ұлттық ойынын әрдайым дәріптеп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Шабандоз Еркебайдың қоржынында 2013 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы, ҚР чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы, А.Асқаров атындағы халықаралық турнирдің 9 дүркін жеңімпазы, «Қырғызстан Республикасының Президенті кубогының жеңімпазы атақтары бар. 2010 жылдан бастап ҚР Ұлттық спорт мектебінде жастар мен жасөспірімдер арасында облыс құрамасының жаттықтырушысы.

«Бала күнімнен көкпар ойынын көріп өскендіктен, мектеп бітірмей жатып-ақ көкпарларға қатыса бастадым. Командалық көкпарда ұлттық спорт мектебінің Қарагер, Қаршыға, Астана есімді аттарына мініп шаптым. Ал жаппай көкпар шабуға көбіне өз атымды міне бермеймін. Себебі, демеушілер алдын ала мінетін ат дайындап қояды. Жалпы, мінетін атың мен көкпаршы сай болу керек. Көкпар біздің жеті атадан келе жатқан қанымызда бар ойынның түрі ғой, ата-бабаларым, ағаларым бәрі көкпар шапқан адамдар. Үйдің үлкенімін, інім де көкпар шабады, ал әкемнің інісі көкпардан құлап қайтыс болған, оның екі баласы да көкпар шабады. Жалпы қазір бір әулеттен алты адам шабандозбыз», - дейді Еркебай Омарбек. 

Көкпар – заман қанша жерден дамып кетсе де қазақтармен бірге жасасып келе жатқан ұлттық ойын. Ат үстінде ер жігіттің күші де, қабілет-қарымы да, намысы да сынға түсетін нағыз тартысты бәсеке. Оның үстіне, Түркістанды көкпардың Отаны деп айтып жатады. Бойдағы қаныңды қызу тасытып қана қоймай, қауіпке де қарамай бас тіккізетін бұл ойыннан шабандоз Еркебай Омарбек қанша жарақат алғанын есептеп көрмеген.  

«Көп болды ғой, шыны керек алған жарақаттарымды санаған емеспін. Аяғым, бұғанам сынған. Қабағым, ернім қанша рет жыртылды. Бес рет миым шайқалған. Кезекті бір көкпарда атыммен бірге қоса құлап, бастан алған соққыдан талып қалып есімді реанимацияда жинағам. Қысқасы, Шымкент қаласындағы Рощада орналасқан аурухананың тұрақты клиенті болдым. Талай рет аттың астында мыжылып қалып кеттік қой», - дейді шабандоз.  

Шабандоз командалық жарыстан да, ауыл арасында өткізілетін жаппай көкпарлардан да талай қомақты жүлделер ұтқан. 

«Ең алғаш мектеп бітірген жылы «Запорожец» ескі көлігін ұтып алғаным есімде. Жүлделі болу адамның бойына шабыт береді екен. Көкпар өте қауіпті ойын екеніне қарамастан қалың нөпірдің арасында қойып кетесің. Аттардың тұяғы тиіп, тіс сынып, бас жарылып жатса да қаныңда бар болғандықтан көкпардан бетің қайтпайды. Осы көкпардан 20 шақты көлік ұттым. Одан бөлек, қаншама түйе, тайларды да ұттым, ақшалай да ұтқан кездерім көп, оның бәрін санап жатпайсың. Ол ұтыстың бәрін есептесем жұрт мені миллионер деп ойлап қалар, көбіне жүлдені бөлісеміз», - дейді шабандоз. 

Шабандоздың айтуынша, 2017 жылы ЭКСПО көрмесі өткен жылы қырғыз елінің көкпаршыларымен жанжалдасып қалып, ойнамай кеткен. Биыл қырғыз еліне барған шабандоздар қазандықта ойнап қайтса, олар Жамбыл облысына келіп шеңберде ойнап қайтты. Осылайша қазақ пен қырғызды ынтымақтастыру үшін өткізілген іс-шара өз мақсатына жеткен. Жалпы, көкпар жарысында қазандыққа салуды 2002 жылдары қырғыздың бір депутаты ұсынып, қазақ елі қолдаған екен. 

«Жалпы, көкпарда 500 адам болса соның бәрі бәсекелесің. Біз қатарлы жігіттерден Әбдіқахар мен Әбдіхалық Қиянтаев деген ағайынды жігіттерді, Төлебиден Шадияр Сұлтанов, Ақылбай Маңкеев, Түлкібастан Жұлдызхан секілді өзім қатарлы мықты шабандоз жігіттер бар. Негізі, көкпар жасқа қарамайды. Оған тек қызығушылығың болу керек», - дейді Еркебай Омарбек. 

Шабандоз көкпар ойынында өзге аймақтармен аса бір қатты айырмашылық жоқ, тек Жамбыл облысында көкпарда серкенің артқы аяғын бір-біріне байлап қоятынын айтып өтті. Айтуынша, бұл шабандоздарға ыңғайсыз, ал Түркістанда көкпарға сойылған малдың аяғын байлап қою жоқ дейді. 

«Қазір командалық көкпардың маусымы бітті. Екі-үш аптаның көлемінде әр ауылда жаппай көкпар басталады. Мысалы жаз айларында көкпар еліміздің салқын аймақтары Көкшетау, Петропавл жақтарда өткізілсе, күзде біз жақта Шымкент пен Таразда өткізіледі. Жастар мен жасөспірімдер және ересектер бойынша чемпионаттар жоспардағы кесте бойынша өткізіліп тұрады», - деді ол. 

Түркістан облысы бойынша Ұлттық спорт мектебіндегі жастардың аға жаттықтырушысы көкпаршылардың көбіне ауылдың жігіттерінен шығатынын атап өтті. 

«Қаланың баласын қанша жерден көкпарға үйреткеніңмен шықпайды, өйткені көкпарды көрмесе қалай қызығады. Нағыз шабандоз ауыл баласынан шығады. Омарбек атам жүзге келіп қайтыс болды, сол кісінің артынан қалмайтынбыз. Ал әкем жарақат алып көкпарды ерте қойды. Қанда болған соң көкпарға деген құмарлығыңды қанша жерден қауіпті болса да қоя алмайсың. Көкпаршы болу үшін күш керек. Өйткені, серкені жұлқып тартасың», - дейді шабандоз. 

Халық арасында көкпардың пірі – Сайдулла деп айтып жатады. Ол кісі де Қазығұрт ауданының тумасы, бүгінде бақилық болған. Ол кісінің де балалары мен немерелері тегіс көкпаршы. Осындай жерлесі бар шабандоз Еркебай командалық көкпарға жастарды іріктеп жүріп жинағанын жеткізді. 

«Жаппай көкпарға шыққан кезде жас балаларды байқап жүремін. Көкпарға деген қызығушылығын байқасам команданың құрамында ойнауға шақырамын. Кейде бір балалар жаппай көкпарға мықты болғанымен, командалық көкпарда шаба алмайды. Өйткені, ол жерде шеңберден шықпау керек яғни күші тасып тұрғанымен тактиканы меңгере алмайтындары болады. Атты дер кезінде тоқтатып, шеңберден шығып кетпеуі керек. Кейбіреулерінің күші жеткенімен атты тоқтатуға қабілеті жетпейді. Ал кейбірі айтқаныңды дер кезінде қағып алады. Негізі жаппай көкпарға шауып жүрген бала команда құрамында да ойнай алады, тек ойын шартын меңгере алса болды. Командалық көкпарда серкенің салмағы 30 келідей болады, ал жасөспірімдерде 25 келі болады», - дейді көкпаршы. 

Еске сала кетейік, көкпаршы Еркебай Омарбек Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстаннан өз ойыншыларын жаттықтырушы ретінде алып кетті. 

Өзгелердің жаңалығы